«Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – өңірлік даму мен инфрақұрылымды кешенді түрде жетілдіру, соның ішінде ауылдық аумақтардың экономикалық әлеуетін арттыру және көлік-логистикалық жүйені дамыту болып табылады. Осы мақсатта еліміздің барлық өңірлерінде стратегиялық маңызы бар нысандар жаңғыртылып, халықаралық деңгейдегі инфрақұрылым қалыптастырылуда. Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан бастамалар соның айқын дәлелі.
Осыған орай Түркістан халықаралық әуежайын дамыту және оны тиімді басқару тетіктерін жетілдіру мәселелері бойынша маңызды кездесу өтті. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев «JanaPort Holdings Ltd.» компаниясының директоры Мадина Ахмеджанова бастаған делегациямен кездесіп, әуежайды сенімгерлік басқаруға беру, инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен жобаларды іске асыру бағыттарын талқылады.
Кездесу барысында өңір басшысының орынбасары Түркістан халықаралық әуежайының стратегиялық маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Түркістан – тек рухани орталық қана емес, сонымен бірге халықаралық көлік-логистика тораптарына айналуға әлеуеті жоғары қала. Сондықтан әуежай инфрақұрылымын дамыту – өңірлік экономиканың өсуіне тікелей әсер ететін маңызды факторлардың бірі.
Түркістан халықаралық әуежайы 2020 жылдың 1 желтоқсанынан бастап тұрақты әуе рейстерін қабылдап келеді. Әуежайға ICAO және IATA халықаралық кодтары берілген, ол халықаралық авиациялық талаптарға толық сәйкес келеді және ИКАО-ның 1-санатына кіреді. Қазіргі таңда әуежай сағатына 450 жолаушыны, ал жылына 3 миллион жолаушыны қабылдау мүмкіндігіне ие.
Әуе кешенінің инфрақұрылымы да жоғары деңгейде. Жүк терминалының аумағы 0,5 гектарды құрап, тәулігіне 60 тоннаға дейін жүк өңдеуге қауқарлы. Ұшу-қону жолағының ұзындығы 3300 метр, ені 45 метр болса, жалпы әуежай аумағы 905 гектарды қамтиды. Аэровокзал кешенінің жалпы ауданы 10 750 шаршы метрді құрайды.
Бүгінде Түркістан халықаралық әуежайы «әуежайлар базасында авиахабтарды дамыту» жөніндегі арнайы жол картасына енгізілген. Бұл шешім әуежайды кезең-кезеңімен халықаралық транзиттік хабқа айналдыруға мүмкіндік береді. Жоба аясында авиаотын инфрақұрылымын жаңғырту, перрон аумағын кеңейту және қосымша техникалық мүмкіндіктерді дамыту жоспарланған.
Өңірлік даму тұрғысынан бұл жоба тек қала үшін ғана емес, ауылдық елді мекендер үшін де маңызды рөл атқарады. Себебі әуежайдың дамуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, логистикалық қызметтерді кеңейтуге және ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығаруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының табысын арттыруға және өңірлік экономиканы әртараптандыруға ықпал етеді.
Кездесу барысында Еркебұлан Дауылбаев халықаралық серіктестерді бірлескен меморандумға қол қоюға шақырып, бұл құжат әуежай базасында нақты инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға берік негіз болатынын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы әуежайдың тиімділігін арттыру және жаңа технологияларды енгізу көзделіп отыр.
«JanaPort Holdings Ltd.» компаниясының директоры Мадина Ахмеджанова ұсынылған ынтымақтастықтың өзара тиімді болатынын және әуежайдың халықаралық деңгейде дамуына серпін беретінін жеткізді. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.
Техникалық тұрғыдан Түркістан әуежайы Б класына жатады және 80/F/C/W/T көрсеткішіне сәйкес келеді. Бұл барлық үлгідегі әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар әуежай бір мезетте 2 халықаралық немесе 4 ішкі рейске қызмет көрсете алады.
Еліміздің географиялық орналасуы көлік-логистика саласын дамытуға қолайлы жағдай жасап отыр. Түркістан әуежайы арқылы тәулігіне 200-ден астам әуе кемесінің транзиттік өтуі өңірдің халықаралық авиациялық хаб ретінде дамуына зор мүмкіндік береді. Бұл – ауыл шаруашылығы өнімдерін, өндірістік тауарларды және экспорттық жүктерді әлемдік нарыққа шығару жолдарын кеңейтетін маңызды фактор.
2025 жылдың қорытындысы бойынша әуежайда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. 277 техникалық қону жүзеге асырылып, 99 жүк рейсі орындалды. Жалпы көлемі 2 537 тонна авиациялық жүк өңделді. Оның басым бөлігі Қытайдан Еуропа елдері мен Араб мемлекеттеріне бағытталған транзиттік жүктер болған. Бұл көрсеткіштер Түркістан халықаралық әуежайының болашақта өңірлік ғана емес, жаһандық логистикалық жүйенің маңызды бөлігіне айналу әлеуеті жоғары екенін дәлелдейді.
