Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғам

ТЕМІРЖОЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖАҢҒЫРТЫЛУДА: ҮШ ВОКЗАЛ ЖӨНДЕУДЕН ӨТТІ

Қазақстанда теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары аясында Қызылорда және Қарағанды облыстарындағы үш теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Жаңартылған нысандарда жолаушыларға қолайлы жағдай жасалып, қауіпсіздік талаптары күшейтіліп, қызмет көрсету сапасы заманауи стандарттарға сәйкестендірілді.

Қызылорда облысында орналасқан, 1904 жылы салынған Сексеуіл теміржол вокзалы ауқымды реконструкциядан өтті. Жөндеу барысында ғимараттың қасбеті мен шатыры толық жаңартылып, ішкі бөлмелеріне күрделі жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар энергия үнемдейтін шыны пакеттермен жабдықталған алюминий витраждар орнатылып, құрылыс-монтаж жұмыстары кезінде отандық өндірістің сапалы материалдары пайдаланылды.

Жалпы ауданы 454,03 шаршы метр болатын ІІІ класты вокзал тәулігіне орта есеппен 300-ге жуық жолаушыға қызмет көрсетеді. Станса арқылы Алматы, Астана, Қарағанды, Атырау, Павлодар, Қызылорда, Ақтөбе, Орал, Маңғыстау, Жезқазған, Шымкент, Түркістан, Шу және Тараз қалаларына, сондай-ақ Ресей, Өзбекстан мен Қырғызстан бағыттарына қатынайтын 30 жолаушылар пойызы жүреді.

Сонымен қатар Қарағанды облысындағы Дария және Мырза стансаларындағы теміржол вокзалдарын реконструкциялау жұмыстары да толық аяқталды.

1940 жылы пайдалануға берілген Дария вокзалы толық жаңғыртудан өтті. Жоба аясында екі қабатты ғимараттың инженерлік инфрақұрылымы жаңартылып, өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес қосымша эвакуациялық шығу жолдары салынды. Бұл станса арқылы Астана, Қарағанды, Жезқазған, Семей, Балқаш, Павлодар, Түркістан, Шымкент, Шу, Тараз, Маңғыстау және Бейнеу бағыттарына қатынайтын 10 жолаушылар пойызы өтеді.

1987 жылы салынған Мырза стансасының вокзалы да күрделі жөндеуден өткізіліп, инженерлік коммуникациялары жаңартылды. Ғимараттың ішкі бөлмелері мен қасбеті жөнделіп, жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға бағытталған кешенді жұмыстар атқарылды. Аталған станса арқылы Қарағанды, Қостанай, Астана және Көкшетау бағыттарына қатынайтын 6 жолаушылар пойызы жүреді.

Жаңарту жұмыстары барысында барлық нысандарда отандық өндірісте шығарылған құрылыс материалдары қолданылды. Қайта жаңғыртылған вокзалдар қауіпсіздік, қолжетімділік және қызмет көрсету сапасы бойынша қазіргі заман талаптарына толық сәйкес келеді. Жобаларды іске асыру теміржол инфрақұрылымын дамытуға, өңірлердегі көлік қызметінің сапасын арттыруға және жолаушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.