Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызметтің барлық кезеңін қамтитын «Сарбаз күнделігі» атты жаңа медиажобаны іске қосты. Жоба аясында сарбаздардың әскери бөлімге келген алғашқы күнінен бастап запасқа шығарылғанға дейінгі қызмет жолы жан-жақты көрсетіледі.
Жобаға еліміздің түрлі гарнизондарында көктемгі шақырылыммен әскери борышын өтеп жүрген сарбаздар қатысады. Олар әскери өмірдегі алғашқы әсерлерін, күнделікті қызмет барысын, жетістіктері мен бастан өткерген тәжірибелерін көрермендермен бөліседі.
Медиажоба әскери қызметтің қалай басталатынын, жас сарбаздың әскери ортаға бейімделуін және азаматтық өмірден ел қорғауға дайын жауынгерге дейінгі қалыптасу жолын шынайы түрде баяндайды. Сонымен қатар көрермендер әскери бөлім табалдырығын алғаш аттаған сарбаздың алдынан шығатын міндеттер мен әскери өмірдің ерекшеліктерімен таныса алады.
Жоба аясында әскери ант қабылдау рәсімі, жауынгерлік және дене даярлығы, далалық оқу-жаттығулар, әскери мамандықты меңгеру, күнделікті әскери өмір, жаңа достар, алғашқы жетістіктер, түрлі сынақтар мен есте қаларлық сәттер қамтылады. Бұл материалдар эксклюзивті бейнекүнделіктер, сұхбаттар, репортаждар және қысқа Reels форматындағы бейнероликтер арқылы ұсынылады.
«Сарбаз күнделігі» көрермендерге әскери қызметті сарбаздардың көзімен көруге мүмкіндік береді. Жоба қатысушыларымен бірге көрермендер әскери қызметтің алғашқы қадамынан бастап запасқа шығарылғанға дейінгі жолға куә болады.
Медиажоба материалдарын Қорғаныс министрлігінің YouTube, Telegram, Instagram және TikTok әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларынан, сондай-ақ мерзімді әскери қызметшілердің жеке аккаунттарынан көруге болады.
