Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамМемлекеттік бағдарламаСаяси реформалар

САРЫАҒАШТА АУЫЛДАРДЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

«Әділетті Қазақстан» реформалары аясында өңірлік даму мен инфрақұрылымды жаңғырту, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар Түркістан облысында жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осы мақсатта Сарыағаш ауданындағы Ақжар және Дербісек ауылдық округтерінде тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда.

Аудан әкімі Арман Абдуллаев құрылыс нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Жобалардың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуына баса назар аударылды.

Дербісек елді мекенінде жерасты су ұңғымасынан суқоймаға дейін ұзындығы 2,2 шақырым болатын ауыз су құбыры тартылып жатыр. Сонымен қатар жоба аясында автомобиль жолдарының астынан көлденең бұрғылау әдісі арқылы құбыр өткізу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, сыйымдылығы 160 текше метр болатын темір-бетон суқоймасының құрылысы басталған.

Ал Ақжар елді мекенінде ауыз су жүйесін жаңғырту жұмыстары жоспарға сәйкес жалғасуда. Қазіргі таңда суқоймасының қоршауын орнату, диаметрі 110 және 160 миллиметр болатын құбырларды тарту, сондай-ақ су құдықшаларын орналастыру жұмыстары атқарылуда. Бүгінгі күнге дейін шамамен 45 шақырым ауыз су желісі тартылып, 170 су құдықшасы орнатылған.

Құрылыс алаңдарын аралау барысында аудан әкімі мердігер мекемелерге жұмыс қарқынын күшейтіп, барлық құрылысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Аталған жобалардың іске асырылуы ауылдық елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде «Әділетті Қазақстан» реформаларының негізгі басымдықтарының бірі саналатын өңірлік даму мен ауылдарды кешенді дамыту бағытындағы міндеттердің жүйелі түрде орындалып жатқанын көрсетеді.