Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамМемлекеттік бағдарламаСаясатСаяси реформаларТехнология

ТҮРКІСТАНДА ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАРМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ НЫҒАЮДА

Өңірлік даму мен инвестициялық ахуалды жақсарту – «Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі. Осы мақсатта Түркістан облысында шетелдік инвестиция тарту, заманауи технологияларды енгізу және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл өз кезегінде өңір экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Осы бағыттағы жұмыстар аясында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек Оңтүстік Кореядан келген инвесторлармен кездесті. Басқосу барысында өңірде «Ақылды көше жарықтандыру жүйесі» жобасын жүзеге асыру, күн энергиясымен жұмыс істейтін жарықшамдар өндірісін ұйымдастыру және жасанды интеллект негізіндегі «ақылды қала» технологияларын енгізу мәселелері жан-жақты талқыланды.

Кездесу барысында Қанат Қайыпбек Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестік қарым-қатынас жыл сайын нығайып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, өзара сенім мен тиімді ынтымақтастыққа негізделген байланыстар өңірлік деңгейде де оң нәтижесін беріп келеді. Түркістан облысы халықаралық серіктестік аясын кеңейтуге және шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға ерекше көңіл бөлуде.

Облыс әкімінің орынбасары 2024 жылы Түркістан облысы делегациясының Корея Республикасына жасаған жұмыс сапары барысында өткен бизнес-семинарлардың жаңа жобаларды іске асыруға және іскерлік байланыстарды нығайтуға ықпал еткенін атап өтті. Сонымен қатар Қазақстанға Корея Республикасы Президентінің мемлекеттік сапары аясында Түркістан облысының әкімдігі мен Корея халықаралық сауда қауымдастығы (KITA) арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғанын жеткізді. Бұл құжат екіжақты инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға және жаңа жобаларды жүзеге асыруға негіз қалаған маңызды қадамдардың бірі болды.

Кездесу барысында өңірде кореялық серіктестердің қатысуымен жүзеге асырылып жатқан жобалар да сөз болды. Атап айтқанда, Түркістан қаласында Кореяның жетекші жоғары оқу орындарының бірі саналатын Woosong университетінің филиалы ашылып, білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. Сонымен бірге Doosan Enerbility компаниясымен қуаттылығы 926 мегаватт болатын бу-газ электр стансасын салу жобасы іске асырылуда.

Басқосу барысында кореялық делегация өкілдеріне Түркістан облысының инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. Бүгінде өңірде жалпы аумағы 3603 гектарды құрайтын 21 индустриялық аймақ пен «Turan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Бұл өндіріс орындарын ашуға, жаңа технологияларды енгізуге және инвесторларға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беріп отыр.

Өз кезегінде кореялық инвесторлар күн энергиясымен жұмыс істейтін көше жарықшамдарын өндіру, оларды өңірдің маңызды көшелері мен автомобиль жолдарына орнату, сондай-ақ жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану арқылы «ақылды қала» жүйесін дамытуға бағытталған жобаларын таныстырды. Мұндай технологиялар энергия тиімділігін арттыруға, инфрақұрылымды басқаруды жетілдіруге және тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Кездесу қорытындысында тараптар ұсынылған бастамаларды жан-жақты зерделеп, оларды жүзеге асыру тетіктерін пысықтау және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту бағытында бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты. Бұл бастамалар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, заманауи технологияларды енгізу арқылы Түркістан облысының тұрақты дамуына жаңа серпін береді.