Түлкібас ауданында ауылдық елді мекендерді кешенді дамыту бағытындағы жұмыстар аясында Иірсу ауылының даму және құрылыс салу схемасы бойынша қоғамдық талқылау өткізілді.
2026 жылғы 1 шілдеде аудан әкімдігінде Түркістан облысының сәулет және қала құрылысы басқармасы мен Түлкібас ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі ұйымдастырған жиында «Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Иірсу ауылының даму және құрылыс салу схемасы (шағын елді мекеннің бас жоспарының оңайлатылған нұсқасы)» жобасының материалдары көпшілік назарына ұсынылды.
Жобаны әзірлеген «Redline pro» ЖШС-нің бас сәулетшісі Қ.Ж. Боранбаев жобаның негізгі бағыттары мен әзірлеу кезеңдері туралы баяндама жасап, тапсырыс беруші бекіткен жобалау тапсырмасына сәйкес дайындалған материалдарды таныстырды.
Жоба аясында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп әлеуметтік және мәдени мақсаттағы нысандарды, көгалдандыру аймақтарын, соның ішінде саябақтар, скверлер мен бульварларды орналастыру, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға бағытталған ұсыныстар әзірленген.
Сонымен қатар жобада елді мекеннің болашақтағы дамуы барысында санитариялық-гигиеналық және сәулет-құрылыс талаптарын сақтау мәселелері ескерілген. Табиғи экожүйелер мен табиғи ресурстарды қорғау, олардың тозуы мен сарқылуына жол бермеу мақсатында қоршаған ортаны сауықтыруға арналған іс-шаралар кешені қарастырылған.
Қоғамдық талқылау барысында Түлкібас кентінің әкімі Е. Айтымбетов Иірсу ауылының жол бойындағы егістік жерлерін елді мекеннің даму аумағына қосу жөнінде ұсыныс білдірді.
Өз кезегінде жоба әзірлеушісі ұсынылған жер телімдерінің 1991 жылы анықталған сібір жарасы қорымдарының санитарлық қорғау аймағында орналасқанын атап өтті. Санитарлық нормаларға сәйкес аталған аумақта қандай да бір құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат етілмейтіндіктен, бұл жерлерді елді мекен шегіне енгізу мүмкін еместігі түсіндірілді.
Жиын барысында Түлкібас кенті ардагерлер кеңесінің мүшесі Н. Байғабаев елді мекен шекарасына қосылатын аумақтарға қандай нысандар орналастырылатыны жөнінде сауал қойды.
Жоба авторының айтуынша, ұсынылып отырған құжатқа сәйкес елді мекен аумағына шамамен 108 гектар жер қосылады. Сонымен бірге Түлкібас ауданы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің тапсырысы бойынша Иірсу ауылы аумағындағы 208 гектар жерге арнайы рекреациялық аймақтың егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленіп жатыр. Бұл жұмыс аяқталғаннан кейін аталған аумақта орналастырылатын нысандар нақты айқындалатын болады.
Аталған бастама Мемлекет басшысы айқындаған “Әділетті Қазақстан” реформасының негізгі бағыттарының бірі – өңірлік даму мен инфрақұрылымды дамыту, ауылдық елді мекендерді кешенді жаңғырту саясатының жүзеге асуына ықпал етеді. Ауылдардың бас жоспарларын әзірлеу тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды тиімді дамытуға, жер ресурстарын ұтымды пайдалануға және елді мекендердің тұрақты дамуына негіз қалайды.
