«Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатқан өңірлік даму мен инфрақұрылымды жетілдіру бағытындағы басым міндеттердің бірі – қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді көгалдандыру және экологиялық жобаларды жүйелі түрде дамыту. Осы мақсатта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында берген тапсырмалары Түркістан облысында кезең-кезеңімен орындалып келеді. Соның нәтижесінде облыс орталығында жаңа заманауи тұқымбақ пайдалануға беріліп, оның өндірістік мүмкіндігін кеңейту жұмыстары қолға алынды.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров облыс орталығындағы жаңа тұқымбақтың жұмысымен танысып, жобаны одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Өңір басшысы тұқымбақтың өндірістік әлеуетін күшейту, қажетті инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру және көгалдандыру жұмыстарына қажетті ағаш пен гүл көшеттерінің көлемін арттыру бойынша нақты міндеттер жүктеді.
Өңір басшысының айтуынша, Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» бағдарламасы табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға және жасыл аймақтардың көлемін ұлғайтуға бағытталған маңызды жоба болып табылады. Осыған байланысты мұндай тұқымбақтарды тек облыс орталығында ғана емес, барлық аудан мен қалада көбейту қажет. Бұл өз кезегінде өңірдің ғана емес, еліміздің өзге аймақтарының да сапалы көшетке деген сұранысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар тұрғындар арасында ағаш отырғызудың маңызын кеңінен насихаттау қажеттігі атап өтілді. Әрбір тұрғын өз ауласын көгалдандыруға үлес қосса, өңірдің экологиялық жағдайы жақсарып, табиғи орта сапасының артуына оң әсерін тигізетіні айтылды.
«Түркістан қаласы аумағындағы тұқымбақ» жобасының жалпы құны 400 миллион теңгені құрайды. Жалпы аумағы 10 гектар болатын нысанның құрылысы 2025 жылдың қазан айында басталған. Жобаны күтіп ұстаушы әрі жауапты мекеме ретінде «SK Geokart» ЖШС белгіленген. Қазіргі таңда мұнда гүлдер мен ағаш көшеттерін өсіру жұмыстары нәтижесін бере бастады. Алдағы уақытта жылыжайлар аумағын кеңейту, асфальт жол төсеу, табиғи газ және ауыз су желілерін жүргізу жоспарланған. Сондай-ақ Арыс–Түркістан су жүйесінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану және көшеттердің сапасын арттыру мақсатында арнайы зертхана ашу көзделіп отыр.
Жоба толық қуатына шыққан кезде тұқымбақта жыл сайын 700 мың түп біржылдық гүл, 1 миллион түп жапырақты ағаш көшеті, 50 мың түп қылқанжапырақты ағаш және 100 мың түп көпжылдық гүл өсіріледі. Өндірілетін көшеттер Түркістан қаласы мен облыс аумағындағы саябақтарды, гүлзарларды, көшелер мен қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыру жұмыстарына пайдаланылып, өңірді жергілікті сапалы көшетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Айта кету керек, Мемлекет басшысының республика көлемінде 15 миллион ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Түркістан облысында биыл 1 миллионнан астам ағаш отырғызу жоспарланған. Көктемгі маусымда оның 332 мыңнан астамы егілді. Барлық көшеттер облыстағы 14 жергілікті тұқымбақта өсірілуде. Бұдан бөлек, инвесторлардың қолдауымен қосымша 1 миллионнан астам ағаш отырғызу көзделіп, нәтижесінде белгіленген жоспардың толық әрі артығымен орындалуы күтілуде.
Жаңа тұқымбақтың іске қосылуы өңірдегі экологиялық бастамаларды жүйелі жүзеге асыруға, жасыл инфрақұрылымды дамытуға және елді мекендердің экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған маңызды жобалардың бірі саналады. Бұл бастама «Әділетті Қазақстан» реформалары аясында табиғатты қорғау, тұрақты өңірлік даму және тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың нақты көрінісі болып табылады.
