Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамМемлекеттік бағдарламаСаяси реформалар

БӘЙДІБЕК АУДАНЫНДА АУЫЛДАРДЫ ГАЗДАНДЫРУ КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢІМЕН ЖҮЗЕГЕ АСУДА

«Әділетті Қазақстан» реформалары аясында өңірлік даму мен инфрақұрылымды жетілдіру, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар Түркістан облысында жүйелі түрде жалғасып келеді. Соның нәтижесінде Бәйдібек ауданындағы Боралдай және Ақбастау ауылдық округтеріне қарасты Қаратас пен Тұрақты елді мекендері табиғи газға қосылып, тұрғындар көгілдір отын игілігін көре бастады.

Өңірдегі елді мекендерді табиғи газбен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Аталған жобаны «KazBuildCo» ЖШС іске асырды. Жоба аясында Қаратас ауылында 10,005 шақырым, ал Тұрақты елді мекенінде 15,6 шақырым газ құбыры тартылды.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Бәйдібек ауданындағы 50 елді мекеннің 43-і немесе 86 пайызы табиғи газ жүйесіне қосылды. Осылайша аудан халқының 48 221 тұрғынының 45 574-і, яғни 94,5 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етілді.

Табиғи газ беру рәсіміне қатысқан аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрпейіс Ақбаев тұрғындарды маңызды оқиғамен құттықтап, бұл жұмыстар Мемлекет басшысының халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға және ауылдық аумақтарды кешенді дамытуға бағытталған саясатының нақты нәтижесі екенін атап өтті.

Инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар мұнымен шектелмейді. Биыл Қошқарата, Кеңсай және Шұқыршақ елді мекендерінде де газдандыру жобаларын жүзеге асыру жоспарланған.

Жоспарланған жобалар толық аяқталған жағдайда, Бәйдібек ауданындағы барлық елді мекен табиғи газбен қамтылып, аудан бойынша көгілдір отынға қолжетімділік 100 пайызға жетеді. Бұл ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды инфрақұрылымдық бастамалардың бірі болмақ. Аталған жұмыстар «Әділетті Қазақстан» реформаларының негізгі басымдықтарының бірі саналатын өңірлік даму мен ауылдық инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы міндеттердің кезең-кезеңімен орындалып жатқанын көрсетеді.