Түркістан облысында ауылдық елді мекендердің әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы жұмыстар аясында Төлеби ауданына қарасты Кемеқалған ауылдық округінің Әңгірата ауылында жаңа ауылдық кітапхана салтанатты түрде ашылып, тұрғындар игілігіне берілді. Ел бірлігі мен ауызбіршілігінің айқын көрінісіне айналған бұл игі жоба ауыл тұрғындарының қолдауы мен ел жанашырларының демеушілігі арқасында жүзеге асып, өңірдің рухани өміріндегі маңызды оқиғалардың біріне айналды.
Жаңа кітапхананың ашылу салтанатына мемлекет және қоғам қайраткері Амалбек Тшанов, Төлеби ауданы әкімінің аппаратының басшысы Амалбек Өміртай, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, кәсіпкер-меценат Әсет Қайыпбеков, журналист Асхат Садырбай, ауданның зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, ауыл ақсақалдары және жергілікті тұрғындар қатысты. Жиында сөз сөйлеген азаматтар жаңа кітапхананың ауылдың мәдени-рухани дамуына серпін беретін маңызды нысан екенін атап өтіп, оның жас ұрпақтың білімге деген қызығушылығын арттырудағы рөліне тоқталды.
Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Кітап оқитын ұлт» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып отыр. Жоба кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттауға, жастардың білімге құштарлығын арттыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және ауыл тұрғындарының сапалы ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Әңгірата ауылдық кітапханасының тарихы 1953 жылдан бастау алады. Алғашқы кітапхана ауыл тұрғындарының қолдауымен және соғыс және еңбек ардагері Әбдіжаппар Ақыловтың бастамасымен ашылған. Ол ширек ғасырға жуық уақыт бойы кітапхананы басқарып, ауылдың мәдени-рухани өмірінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Кейін бұл игі істі 1978–1993 жылдары Әбдіжаппар Ғани жалғастырса, 1993 жылдан бері кітапхана ісін Райымкүлова Гүлзия абыроймен атқарып келеді. Қазіргі таңда кітапхана қорында 10 мыңға жуық кітап сақталған және ол ауыл тұрғындарының рухани сұранысын қамтамасыз ететін маңызды мәдени орталықтардың бірі саналады.
2023 жылы кітапхананың ескі ғимаратының тозуына байланысты апатты деп танылып, сүрілген болатын. Соған қарамастан кітапхана өз жұмысын уақытша ғимаратта тоқтатпай, тұрғындарға тұрақты қызмет көрсетті. Ауыл тұрғындарының өтініштері ескеріліп, 2025 жылдың қыркүйек айында ауыл жанашыры, кәсіпкер Жамбыл Мәуленұлының бастамасымен және ауыл азаматтарының демеушілігімен жаңа кітапхана ғимаратының құрылысы басталды. Құрылыс жұмыстары қысқа мерзімде аяқталып, заманауи талаптарға толық сәйкес келетін жаңа мәдени нысан пайдалануға берілді.
Жаңа кітапхана оқырмандарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Мұнда кітап сақтау қоры, оқу залы және мәдени-ағартушылық іс-шараларды өткізуге арналған кеңістіктер қарастырылған. Алдағы уақытта кітапхана ауыл тұрғындары үшін түрлі әдеби кештердің, танымдық кездесулердің, жастар мен балаларға арналған мәдени жобалардың ұйымдастырылатын орталығына айналады деп күтілуде.
Салтанатты шара барысында ауылдың рухани дамуына үлес қосып, жаңа кітапхананың салынуына қолдау көрсеткен бірқатар азаматтарға Төлеби ауданы әкімінің және аудандық мәслихат төрағасының Алғыс хаттары табысталды. Жиынға қатысушылар ел игілігі жолындағы мұндай бастамалардың ауылдардың әлеуметтік және мәдени дамуына зор серпін беретінін атап өтті.
Аталған жоба Мемлекет басшысы айқындаған «Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – өңірлік даму мен инфрақұрылымды дамыту, ауылдық елді мекендерді кешенді дамыту саясатының нақты көрінісі. Ауылдық жерлерде мәдени және әлеуметтік нысандарды көбейту, тұрғындардың сапалы инфрақұрылымға қолжетімділігін арттыру және жастардың білім мен руханиятқа деген қызығушылығын қолдау ауылдардың тұрақты дамуына, халықтың әл-ауқатын жақсартуға және өңірдің әлеуметтік әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.
