Киелі шаһарда Әз-Наурыз мерекесі қарсаңында «Айтыстың алтын айдары Бекарысы» атты республикалық ақындар айтысы дүбірлеп өтті. Жыр додасы белгілі айтыскер, «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбековтің 50 жас мерейтойына арналды.
Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен және «Amanat» партиясының қолдауымен өткен бұл шара ұлттық өнерді ұлықтаудың биік үлгісі болды.
Айтыстың салтанатты ашылуында облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің атынан мерейтой иесі Бекарыс Шойбековке ерекше ілтипат көрсетілді. Қазақ айтыс өнерінің дамуына қосқан өлшеусіз үлесі үшін ақынға жаңа автокөліктің кілті салтанатты түрде табысталды.
Аламан бәйгеге еліміздің түкпір-түкпірінен келген 14 танымал сөз шебері қатысты. Сахна төрінде Мұхтар Ниязов, Жансая Мусина, Еркебұлан Қайназаров сынды дүлділдер ел бірлігін, ұлттық құндылықтар мен қоғамның өзекті мәселелерін өткір тілмен жырлап, көрерменді рухани сусындатты.
Қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар мен жүлдегерлер келесідей анықталды:
-
Бас жүлде: Иранғайып Күзембаев (Астана);
-
І орын: Дәурен Ақсақалов (Түркістан);
-
ІІ орын: Жансая Мусина (БҚО);
-
ІІІ орын: Мұхтар Ниязов, Мейірбек Сұлтанхан (Қызылорда), Анар Жаппарқұлова (Шымкент) және Нұрлан Есенқұлов (Түркістан).
Айтысқа қатысқан өзге ақындарға 500 000 теңге көлеміндегі ынталандыру сыйлықтары берілді. Бұл кеш Түркістан жұртшылығы үшін нағыз мәдени мерекеге айналып, ұлттық рухты асқақтата түсті.
