«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында Су ресурстары және ирригация министрлігінің қолдауымен «Мөлдір бұлақ» экологиялық науқаны бастау алды. Шараның алғашқы кезеңінде республика бойынша ондаған бұлақтың көзі ашылып, айналасы қоқыстан тазартылды.
Күн райының жылынуына байланысты акция алдымен еліміздің оңтүстік аймақтарын қамтыды. Қазірдің өзінде Шымкент қаласы мен Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстарында 28 бұлақ толықтай қалпына келтірілді.
-
Бір мезетте 3800-ге жуық адам экологиялық жұмыстарға жұмылдырылды.
-
Бұлақтардың табиғи арналары тазартылып, маңайындағы қоқыстар шығарылды. Сонымен қатар, абаттандыру мақсатында жаңа көшеттер отырғызылды.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Айша бибі ауылынан 16 шақырым жерде орналасқан «Жалғызтал» бұлағын тазарту жұмыстарына жеке қатысты.
Министрлік мамандары мен «Қазсушар» РМК қызметкерлері облыстың 7 бірдей ауданында (Меркі, Сарысу, Шу, Талас, Рысқұлов, Байзақ және Қордай) су көздерін ретке келтіру жұмыстарын үйлестірді.
Мекеме өкілдерінің айтуынша, бұл шара тек эстетикалық тазарту емес, стратегиялық маңызы бар қадам.
«Бұлақтардың көзін ашу – су қауіпсіздігін нығайтудың маңызды құралы. Акцияға жастар мен еріктілердің белсенді қатысуы қоғамда суды үнемдеп, табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыруға септігін тигізеді», — деді ведомство өкілдері.
