Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамМемлекеттік бағдарламаСаяси реформаларЭкономика

ТҮРКІСТАНДА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫ ІСКЕ АСЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖЕДЕЛДЕТІЛЕДІ

«Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – экономикалық әділеттілікті қамтамасыз ету және инвестициялық ахуалды жақсарту. Бұл бағыт аясында өңірлерге инвестиция тарту, өндірістік әлеуетті арттыру, жаңа кәсіпорындар ашу және тұрақты жұмыс орындарын құруға ерекше басымдық беріліп келеді. Осы міндеттерді жүйелі іске асыру мақсатында Түркістан облысында инвестициялық жобалардың орындалу барысы тұрақты бақылауда.

Осыған орай Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте өңірде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың орындалу қарқыны сараланып, «TURAN» арнайы экономикалық аймағының қызметі мен оны одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Жиында инвестициялық жобаларды белгіленген мерзімде әрі сапалы жүзеге асырудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.

Облыс әкімі әрбір инвестициялық жобаның өңір экономикасына қосатын үлесі зор екенін айтып, жауапты басқармалар мен мекемелерге нақты міндеттер жүктеді.

– Мемлекет басшысы инвестиция тарту мен өндірісті дамытуға айрықша мән беріп отыр. Әрбір жоба – жаңа өндіріс, жаңа жұмыс орны және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты қадам. Сондықтан қолға алынған жобалардың ешқайсысы тоқтап қалмауы тиіс. Құрылысы кешеуілдеп жатқан немесе міндеттемелерін орындамай отырған инвесторларға қатысты заң аясында тиісті шешім қабылдау қажет. Егер инвестор өз міндетін орындай алмаса, жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылып, нақты жұмыс істеуге дайын инвесторларға ұсынылуы тиіс. Әрбір инвестициялық жобаның уақытылы жүзеге асуы – басты талап, – деді Нұралхан Көшеров.

Мәжілісте облыстық өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшылығы «TURAN» арнайы экономикалық аймағының қазіргі қызметі туралы баяндама жасады. Жалпы аумағы 3603,3 гектарды құрайтын арнайы экономикалық аймақ әкімшілік-іскерлік, тарихи-мәдени және өнеркәсіптік бағыттағы бірнеше қосалқы аймақтан тұрады.

Бүгінгі таңда арнайы экономикалық аймақта жалпы құны 1 триллион 263 миллиард теңгені құрайтын 140 инвестициялық жоба тіркелген. Аталған жобалар толық жүзеге асқанда 13 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланған. Қазіргі таңда олардың 58-і іске асырылып, нәтижесінде 3243 жаңа жұмыс орны ашылған.

Жиында Үкіметтің тиісті қаулысына сәйкес арнайы экономикалық аймақтың аумағы оңтайландырылғаны да айтылды. Соның нәтижесінде пайдаланылмай жатқан бірқатар жер телімдері жалпы қолданысқа қайтарылып, Түркістан қаласының бюджетіне жер және мүлік салығы есебінен жыл сайын шамамен 657,7 миллион теңге қосымша кіріс түсетін болады.

Сонымен қатар әкімшілік-іскерлік аймақта құрылысы баяулаған бірқатар инвестициялық жобалардың орындалу барысы жеке қаралды. Қазіргі таңда тұрғын үй және коммерциялық нысандарды қамтитын сегіз жобада құрылыс жұмыстары белгіленген кестеден кешігуде. Осыған байланысты басқарушы компания тарапынан ескерту шаралары қабылданып, тиісті материалдар құқық қорғау органдарына жолданған.

Облыс әкімі жауапты мекемелерге әрбір жоба бойынша нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеп, олардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Мәжілісте өңірдегі өзге индустриялық аймақтардың да даму көрсеткіштері қаралды. Түркістан қаласындағы 290 гектарлық өнеркәсіптік аймақта жалпы құны 157 миллиард теңгені құрайтын 14 жоба тіркелсе, олардың алтауы пайдалануға берілген. Қалған жобалар бойынша құрылыс жұмыстары жалғасуда.

Сондай-ақ Сауран индустриялық аймағында құны 86,9 миллиард теңгені құрайтын сегіз инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл аумақта электр қосалқы станциясының құрылысын аяқтау және инженерлік инфрақұрылымды толық қамтамасыз ету негізгі міндеттердің бірі ретінде белгіленді.

Кентау қаласындағы индустриялық аймақта жеті жобаның бесеуі іске қосылса, қалған екі жоба бойынша өндірістік дайындық жұмыстары жүргізілуде. Ал «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығында жалпы құны 102,1 миллиард теңгені құрайтын бес инвестициялық жоба тіркеліп, инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды.

Бұдан бөлек, Сайрам және Отырар аудандарындағы индустриялық аймақтардың жай-күйі сараланып, қажетті инфрақұрылымды жеткізу, жер мәселелерін шешу және инвесторларға қолайлы жағдай жасау бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Жиын барысында «TURAN» арнайы экономикалық аймағын дамытуға бағытталған жаңа ұсыныстар да қарастырылды. Атап айтқанда, аймақ аумағын 27,5 гектарға кеңейту, өндірістік алаңдарды толық абаттандыру, қоршау және бейнебақылау жүйелерін орнату  мәселелері талқыланды.