Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамМемлекеттік бағдарламаСаяси реформалар

ТҮРКІСТАНДА ГҮЛ ӨСІРУ КЕШЕНІН САЛУ ЖӨНІНДЕГІ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ҚАРАЛДЫ

Түркістан облысында инвестициялық жобаларды іске асыру жұмыстары жүйелі жалғасуда. Осы бағыттағы кезекті маңызды бастама ретінде өңірде гүлдер мен декоративті ағаштар өсіретін заманауи жылыжай кешені мен арнайы сауда орталығын салу жобасы талқыланды.

Осыған орай Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытайдың «Wuhan Xiangyu Dingsheng Construction Engineering Co., Ltd.» компаниясының өкілдерімен кездесті. Басқосуда өңірде ауқымды инвестициялық жобаны жүзеге асырудың негізгі тетіктері мен кезеңдері жан-жақты қарастырылды.

Жоба өңірдің көгалдандыру әлеуетін арттырумен қатар, гүл шаруашылығы мен сәндік өсімдіктер өндірісін дамытуға, агроөнеркәсіп саласына заманауи технологияларды енгізуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған.

Кездесу барысында жобаның техникалық және қаржылық шешімдері, құрылыс кезеңдері, қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, сондай-ақ өндірілетін өнімді ішкі және сыртқы нарыққа шығару мүмкіндіктері талқыланды. Сонымен бірге мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалану және өзара әріптестікті нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бұл бастаманың Түркістан өңірі үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.

– Сіздерді Түркістан өңірінде қарсы алғаныма қуаныштымын. Өздеріңізбен 10 маусымда Қытай Халық Республикасына жасаған іссапарымыз барысында Ухань қаласында кездесіп, аталған жобаны жүзеге асыру мәселелерін талқылаған болатынбыз. Бүгінгі кездесу – сол келіссөздердің нақты нәтижесін іске асыру жолындағы маңызды қадам. Гүлдер мен декоративті ағаштар өсіретін заманауи жылыжай кешені мен арнайы сауда орталығының құрылысы өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, агроөнеркәсіптік сектордың дамуына, сауда-логистикалық инфрақұрылымның нығаюына және жаңа жұмыс орындарының құрылуына оң әсер етеді деп сенемін, – деді облыс әкімі.

Компания өкілдері Түркістан облысының инвестициялық әлеуетіне жоғары баға беріп, жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыруға дайын екендіктерін жеткізді. Олардың айтуынша, кешенде гүлдер мен декоративті ағаштардың әртүрлі сұрыптары өсіріліп, өндірісте заманауи агротехнологиялар мен автоматтандырылған басқару жүйелері қолданылады. Бұл өнім сапасын арттыруға, жыл бойы тұрақты өндіріс жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар кешен гүл өсіру, саудалау және туристік бағыттағы тартымды нысан ретінде дамытылады деп жоспарланып отыр.

Кездесу қорытындысында тараптар инвестициялық жобаны тиімді жүзеге асыру мақсатында ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.

Аталған бастама Мемлекет басшысы айқындаған «Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – өңірлік даму мен инфрақұрылымды жетілдіру, инвестициялық ахуалды жақсарту міндеттерімен үндеседі. Инвестиция тарту арқылы жаңа өндірістерді іске қосу, заманауи инфрақұрылымды қалыптастыру және өңір экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру Түркістан облысының тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді.