Келес ауданында тұрғындармен ашық диалог орнату және олардың өтініштеріне жедел ден қою бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасуда. Осы мақсатта аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев азаматтарды жеке қабылдап, тұрғындарды толғандырған мәселелерді тыңдап, ұсыныс-пікірлерімен танысты.
Қабылдау барысында аудан тұрғындары тұрғын үймен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, жер қатынастары, ауыз сумен қамту, автомобиль жолдарының жай-күйі, интернет желісінің сапасы, кәсіпкерлікті қолдау, жеңілдетілген несие алу, атаулы әлеуметтік көмек және қамқоршылық мәселелеріне қатысты өтініштерін жеткізді.
Кездесу барысында көтерілген әрбір мәселе жан-жақты сараланып, оларды шешу жолдары қарастырылды. Аудан басшысы жауапты бөлім жетекшілері мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеп, тұрғындардың өтініштерін белгіленген мерзімде әрі сапалы орындауды міндеттеді. Сонымен қатар заңнама талаптарына сәйкес шешілетін мәселелер бойынша азаматтарға жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қажетті құқықтық кеңестер берілді.
Жәнібек Ағыбаев тұрғындардың өтініштеріне жауапкершілікпен қарау мемлекеттік қызметтің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
– Әрбір тұрғынның өтініші мен көтерген мәселесі жіті назарда болуы қажет. Барлық өтініш заң талаптарына сәйкес мұқият зерделеніп, нақты шешімін табуы тиіс. Осыған байланысты жауапты бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне берілген тапсырмалардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Әрбір өтініштің орындалу барысы тұрақты бақылауда болады, – деді аудан әкімі.
Айта кетейік, азаматтарды жеке қабылдау – тұрғындармен тиімді кері байланысты қалыптастырудың маңызды тетіктерінің бірі. Мұндай кездесулер халықтың талап-тілектерін дер кезінде зерделеуге, өзекті мәселелерді жедел шешуге және мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұл жұмыстар Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізгі қағидаттарымен сабақтас. Атап айтқанда, азаматтармен кері байланыс жүйесін жетілдіру, мемлекеттік органдардың халықпен тұрақты кездесулер өткізуі және тұрғындардың өтініштерін жедел әрі сапалы қарау мемлекеттік басқару тиімділігін арттырып, қоғам сенімін нығайтуға ықпал етеді.
