«Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – инвестициялық ахуалды жақсарту және кәсіпкерлікті қолдау. Бұл бағыт аясында өңірлердің өндірістік әлеуетін арттыру, шетелдік инвестиция тарту, жаңа кәсіпорындар ашу және халықаралық іскерлік байланыстарды кеңейту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Түркістан облысында да инвесторларға қолайлы жағдай жасау, өңірдің экономикалық мүмкіндіктерін халықаралық деңгейде таныстыру және бірлескен өндірістік жобаларды іске асыруға басымдық беріліп келеді.
Осы мақсаттағы маңызды алаңдардың бірі – Алматы қаласындағы «Атакент» халықаралық көрме орталығында басталған Қазақстандағы XXI Қытай тауарлары көрмесі. Халықаралық іс-шараға Түркістан облысының делегациясы облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің жетекшілігімен қатысып, өңірдің инвестициялық, өндірістік және кәсіпкерлік әлеуетін кеңінен таныстыруда.
Делегация құрамында Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев, аудан әкімінің орынбасары және жергілікті кәсіпкерлер бар. Көрме барысында өңірдің индустриялық мүмкіндіктері, өндірістік аймақтары, арнайы экономикалық аймақтардың артықшылықтары, мемлекеттік қолдау тетіктері мен инвестициялық жобалары халықаралық бизнес өкілдерінің назарына ұсынылды.
Көрменің ресми ашылу рәсімінде сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков соңғы жылдары Түркістан облысында инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, өңірде инвесторлар үшін қажетті инфрақұрылым қалыптастырылып, өндіріс орындарын ашуға, жаңа технологияларды енгізуге және экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды дамытуға барлық жағдай жасалған.
Сонымен қатар халықаралық компаниялардың өкілдері Түркістан облысының тиімді географиялық орналасуы, көлік-логистикалық мүмкіндіктері, еңбек ресурстары және мемлекеттік қолдау шаралары туралы жан-жақты ақпарат алды. Бұл өз кезегінде өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңа серіктестіктер орнатуға мүмкіндік береді.
Көрме аясында Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев Қытайдың бірқатар жетекші өндірістік компанияларының басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді. Кездесулер барысында өндірістік кооперацияны дамыту, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және өндіріс орындарын Ордабасы ауданында орналастыру мәселелері талқыланды.
Атап айтқанда, JIANGNAN CABLE, Zhejiang Xunfeng Industry and Trade, Jinhua Jinlong Home Products және Qinnastan Health Industries компанияларының өндірістік бағыттары мен инвестициялық ұсыныстары таныстырылып, олардың Түркістан облысында кәсіпорын ашу мүмкіндіктері қарастырылды.
Келіссөздер барысында жаңа өндірістерді іске қосу, жоғары технологияларды енгізу, өнім өндіру көлемін арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру және өңірдегі шағын және орта бизнесті дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға қызығушылық білдіріп, алдағы уақытта бірлескен жобаларды жүзеге асыру және ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою жөнінде уағдаласты.
Халықаралық көрме аясындағы кездесулер Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін шетелдік әріптестерге таныстырумен қатар, жаңа өндірістер ашуға, инновациялық технологияларды тартуға және кәсіпкерлік саласының дамуына тың серпін береді. Сонымен бірге мұндай іс-шаралар өңірдің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтіп, халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
Түркістан облысында инвестициялық ахуалды жақсарту, бизнесті қолдау және халықаралық әріптестікті кеңейту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Бұл бастамалар өңір экономикасын әртараптандыруға, өндіріс көлемін ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға негіз болатын маңызды қадамдардың бірі саналады.
