Түлкібас ауданында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы құрылыс жұмыстары тұрақты бақылауда. Осыған орай аудан әкімі Асқар Естібаев өңірде жүзеге асырылып жатқан бірқатар маңызды нысандарды аралап, құрылыс жұмыстарының орындалу барысымен танысты.
Алдымен аудан басшысы Састөбе кентіне қарасты Ынтымақ ауылында салынып жатқан 200 орындық ауылдық мәдениет үйінің құрылыс алаңында болды. Қазіргі таңда нысанда құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Мәдениет үйін биылғы тамыз айында пайдалануға беру көзделген.
Нысанда болған аудан әкімі құрылыс сапасына ерекше назар аударып, жауапты мердігер ұйымдар мен сала басшыларына барлық жұмыстарды құрылыс нормаларына сәйкес жүргізуді, абаттандыру жұмыстарын қатар алып баруды және нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беруді тапсырды.
Жұмыс сапары барысында аудан басшысы Састөбе кентінде бой көтеріп жатқан жаңа фельдшерлік пункттің құрылысымен де танысты. Бұл медициналық нысан тұрғындарға алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және шалғай елді мекендерде медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған.
Қазіргі уақытта ғимараттың сыртқы қаптау және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында қызметкерлерге арналған әкімшілік корпус пен арнайы қызметтік автокөліктерге арналған төрт гараж салу қарастырылған. Болашақта мұнда тәулігіне 10 қызметкерден құралған үш бригада жұмыс істеп, тұрғындарға жедел әрі сапалы медициналық көмек көрсетеді.
Құрылыс нысандарын аралау қорытындысында Асқар Естібаев жауапты мекемелерге құрылыс жұмыстарының сапасын тұрақты бақылауда ұстап, барлық нысандарды белгіленген мерзімде әрі талапқа сай аяқтауды міндеттеді.
Сонымен қатар аудан әкімі апта басында аралаған Түлкібас теміржол вокзалына қайта барып, құрылыс жұмыстарының қазіргі жай-күйімен танысты. Бүгінде нысанда сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Аудан басшысы жауапты мердігерлерге құрылыс сапасын қамтамасыз етіп, вокзал аумағын абаттандыру жұмыстарын талапқа сай жүргізуді және нысанды уақытылы пайдалануға беруді тапсырды.
Аталған жұмыстар Мемлекет басшысы айқындаған “Әділетті Қазақстан” реформасының негізгі бағыттарының бірі – өңірлік даму мен инфрақұрылымды дамыту саясаты аясында жүзеге асырылуда. Әлеуметтік, мәдени және медициналық нысандардың, сондай-ақ көлік инфрақұрылымының сапалы салынуы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, елді мекендердің тұрақты дамуына, қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.
