«Адал азамат» тұжырымдамасы аясында жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, тарихи сананы қалыптастыру және туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Осы мақсатта Түркістан облысы білім басқармасының Облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығының ұйымдастыруымен «Адал азамат – біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясындағы «Облыс тарихы» тарихи-танымдық керуен-шеруі табысты қорытындыланды. Бес күнге созылған тағылымды шараға облыстың аудан-қалаларынан жиналған 170 оқушы қатысты.
Тарихи-танымдық сапар барысында қатысушылар өңірдің киелі орындары мен мәдени мұра нысандарын аралап, халқымыздың бай тарихы мен рухани құндылықтары жөнінде мол мағлұмат алды. Оқушылар көне Отырар қалашығы, Арыстан баб кесенесі, Ақмешіт әулие үңгірі, Домалақ ана кесенесі, Ғайып Ерен Қырық Шілтен кешені және Қазығұрт өңіріндегі тарихи орындармен танысты.
Сонымен қатар керуен мүшелері Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы, Рәбия Сұлтан Бегім кесенесі, Күлтөбе қалашығы, Қылует жер асты медресесі және өзге де маңызды тарихи-мәдени нысандарды аралады. Сондай-ақ жаңарған Түркістанның сәулеттік келбетін айқындайтын бірқатар туристік және мәдени орталықтармен танысуға мүмкіндік алды.
Бағдарлама аясында «Тарихқа саяхат» бейнерепортаж байқауы мен «Тарих білгірлері» интеллектуалдық сайысы өткізіліп, оқушылар өз білімдерін, шығармашылық және зерттеушілік қабілеттерін көрсетті. Қорытындысында белсенді қатысушылар мен үздік командалар марапатталып, арнайы сертификаттар табысталды.
Аталған жоба өскелең ұрпақтың туған өлке тарихына деген қызығушылығын арттырып, тарихи-мәдени мұраларға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және елжанды азамат тәрбиелеуге бағытталды.
Бұл бастама «Адал азамат» тұжырымдамасының негізгі қағидаттарына сәйкес жас буынның рухани дамуына, азаматтық жауапкершілігін арттыруға және ел тарихы мен мәдениетіне құрметпен қарайтын саналы ұрпақ қалыптастыруға өз үлесін қосуда.
