Өңірлік даму мен инфрақұрылымды жетілдіру – «Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі. Осы мақсатта Түркістан облысында жол-көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, елді мекендер арасындағы қатынасты жақсартуға және тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуда. Жол сапасын арттыру – тек көлік қатынасын жеңілдету ғана емес, сонымен бірге ауыл мен қала арасындағы экономикалық, әлеуметтік байланысты нығайтудың маңызды тетігі.
Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысы негізінде мердігер мекеме – Сарбаз Қуат Сауран ауданындағы КХ-60 «Түркістан – Кентау – Еңбекші – Дихан» облыстық маңызы бар автомобиль жолының 0–4 шақырым аралығына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізіп, нысанды пайдалануға берді. Жөндеу барысында жолдың тозған қабаты толық алынып, негізі қайта нығайтылды. Құрылыс жұмыстары белгіленген талаптарға сай атқарылып, сапа бақылауы кезең-кезеңімен жүргізілді.
Жоба аясында ұзындығы 4 шақырым жол ресайклер технологиясымен толық жаңартылып, екі қабатты асфальт-бетон жабыны төселді. Бұл әдіс жолдың беріктігін арттырып, оның ұзақ мерзім пайдаланылуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар елді мекен аумағында жаяу жүргіншілерге арналған аяқжол салынып, тұрғындардың қауіпсіз қозғалысы үшін жол жиегі ретке келтірілді. Білім беру ұйымдарының маңына жасанды жол кедергілері орнатылып, балалардың жолдан өту қауіпсіздігі күшейтілді. Жол бойындағы белгілер жаңартылып, жүргізушілерге арналған ескерту тақтайшалары да қойылды.
Жаңартылған жол көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, аудан ішіндегі қатынасты жеңілдетеді. Енді ауыл тұрғындары аудан орталығына, әлеуметтік нысандарға, мектеп пен медициналық мекемелерге ыңғайлы әрі қауіпсіз қатынай алады. Сондай-ақ жолдың өткізу қабілеті жақсарып, жүк және жолаушы тасымалының тиімділігі артады. Бұл өз кезегінде жергілікті кәсіпкерліктің дамуына, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауға және өңірдің экономикалық белсенділігін арттыруға оң әсер етеді.
Бүгінде Түркістан облысында жол саласын дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 2026 жылы бұл бағытқа 35,5 млрд теңге бөлініп, жалпы 224 нысанда 1 138,1 шақырым жол құрылыс және жөндеу жұмыстарымен қамтылуда. Оның ішінде облыстық және аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекен көшелерін жаңарту жобалары жүзеге асырылуда. Жоспарланған жұмыстардың басым бөлігі ауылдық аумақтардың көлік қолжетімділігін арттыруға, шалғай елді мекендердің орталықпен байланысын нығайтуға бағытталған.
Жол инфрақұрылымын дамытуға бөлінген қаржының тиімді игерілуі мен сапалы орындалуы тұрақты бақылауда. Мердігер ұйымдарға қойылатын талап күшейтіліп, әр нысанның мерзімінде әрі сапалы аяқталуына басымдық берілуде. Жергілікті тұрғындар да жол жөндеу жұмыстарының нәтижесін оң бағалап, мұндай жобалардың ауыл өміріне серпін беретінін айтуда.
Жоспарланған жұмыстардың нәтижесінде 2026 жылдың қорытындысы бойынша облыстағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 96 пайызға жеткізу көзделген. Бұл өз кезегінде өңірлердің көлік қолжетімділігін арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға және «Әділетті Қазақстан» реформасының өңірлік даму мен инфрақұрылымды дамыту бағытындағы міндеттерін іске асыруға ықпал етеді.
