Жастарды қолдау және олардың сапалы білім алуына жағдай жасау – «Әділетті Қазақстан» реформасының басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта дарынды жастарды анықтап, олардың әлеуетін дамытуға бағытталған жобалар өз нәтижесін беруде.
IQanat олимпиадасының республикалық кезеңі қорытындыланып, Келес ауданының оқушылары жоғары жетістіктерімен ерекшеленді. Олимпиада нәтижесінде бірнеше оқушы IQanat білім беру жобасының гранттары мен арнайы бағдарламаларына ие болып, білімін жаңа деңгейде жалғастыру мүмкіндігін алды.
Атап айтқанда, №20 Т.Бердияров атындағы жалпы білім беретін мектептің оқушысы Раушан Нұрсұлтан мен №31 Ш.Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектептің оқушысы Құттыбек Ақерке IQanat High School грантын жеңіп алды. Сонымен қатар, №21 жалпы білім беретін мектептің оқушысы Балтабай Алтынбек демеушілер қолдауымен берілетін арнайы атаулы IQanat High School грантының иегері атанып, Бурабайдағы IQanat High School of Burabay мектебінде тегін білім алу мүмкіндігіне қол жеткізді.
Грант иегерлері алдағы уақытта заманауи білім беру талаптарына сәйкес оқып, академиялық білімдерін жетілдірумен қатар көшбасшылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік алады. Бұл олардың болашақта бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына жол ашады.
Сондай-ақ республикалық кезең қорытындысы бойынша ауданның тағы екі оқушысы IQ Advance бағдарламасына қабылданды. Атап айтқанда, №65 жалпы білім беретін мектептің оқушысы Олжақұл Жансезім мен №54 Т.Рысқұлов атындағы жалпы білім беретін мектептің оқушысы Жақан Нұрайым аталған бағдарламаның қатысушысы атанды.
IQ Advance бағдарламасы оқушыларды еліміздің және шетелдің жетекші жоғары оқу орындарына түсуге жан-жақты дайындауға бағытталған. Бағдарлама аясында қатысушылар арнайы оқу сессияларынан өтіп, қашықтықтан білім алу мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар ҰБТ, IELTS, TOEFL секілді халықаралық емтихандарға дайындалып, тәжірибелі кураторлар мен кәсіби бағдар мамандарының қолдауын алады.
Келестік оқушылардың бұл жетістігі – олардың білімге деген ұмтылысы мен табанды еңбегінің, ұстаздардың кәсіби біліктілігі мен ата-аналардың қолдауының жарқын нәтижесі. Мұндай табыстар жастардың сапалы білім алуына және олардың әлеуетін дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың тиімділігін көрсетеді. Бұл өз кезегінде «Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – жастарды қолдау және дамыту міндеттерінің жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын айғақтайды.
