Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамМемлекеттік бағдарламаСаяси реформалар

КЕЛЕСТЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖОБАЛАРДЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСУ БАРЫСЫ ҚАРАЛДЫ

Өңірлік даму мен инфрақұрылымды жетілдіру – «Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі. Осы мақсатта Түркістан облысында әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізу, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Осы ретте Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев Келес ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың жай-күйімен танысты.

Жұмыс сапары барысында Жүзімдік ауылдық округінде салынып жатқан 149 орындық мәдениет үйінің құрылысы қаралып, нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар аудан орталығындағы №13 колледждің материалдық-техникалық базасы мен білім беру үдерісі зерделеніп, реновациядан өткен №4 Жүсіп Баласағұн атындағы жалпы орта мектептің жаңартылған мүмкіндіктері таныстырылды.

Сондай-ақ Абай ауылында бой көтеріп жатқан жаңа буынды дамыту орталығының, аудандық мұражайдың және арендалық тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарының барысы пысықталды. Әрбір нысан бойынша құрылыс сапасы, жұмыс қарқыны және белгіленген мерзімде аяқтау мәселелері сараланды.

Облыс әкімінің орынбасары №1 «Күншуақ» бөбекжай-бақшасына арнайы барып, мекеменің жағдайымен танысты. Кездесу барысында балабақша ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу қажеттігі көтеріліп, жауапты сала басшыларына мәселені жан-жақты зерделеп, нақты ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.

Жұмыс сапары аясында Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Ескіқорған елді мекеніндегі білім беру нысандарының жағдайы да қаралды. Атап айтқанда, №45 бастауыш мектептің қазіргі ахуалы бағаланып, жаңа мектеп салу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды. Осыған байланысты жауапты мекемелерге жобаны іске асыру және қаржыландыру мәселелерін тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.

Сапар қорытындысы аудан әкімдігінде өткен кеңейтілген мәжілісте шығарылды. Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, құрылыс жобаларының орындалу барысы және әлеуметтік саладағы өзекті мәселелер қаралды. Сонымен қатар барлық нысандарды сапалы әрі уақытылы аяқтау, тұрғындар көтерген мәселелерді кезең-кезеңімен шешу бойынша нақты міндеттер айқындалды.

Жалпы, ауданда жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар өңірдің тұрақты дамуына серпін беріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Бұл жұмыстар «Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – өңірлік даму мен инфрақұрылымды дамыту саясатының нақты көрінісі болып табылады.