Rasmedia.kz
БілімЖаңалықтарҚоғамМемлекеттік бағдарламаСаяси реформалар

КЕЛЕСТЕ ЖАҢА МЕКТЕП САЛУ ЖОБАСЫНЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСУ БАРЫСЫ ҚАРАЛДЫ

Білім беру сапасын арттыру және оқушыларға қолайлы білім алу ортасын қалыптастыру – «Әділетті Қазақстан» реформасының әлеуметтік саясаттағы басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта өңірлерде жаңа білім беру нысандарын салу және қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Осы ретте Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев Келес ауданына жұмыс сапары барысында Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Ескіқорған елді мекеніндегі білім беру нысандарының жағдайымен танысты.

Сапар аясында облыс әкімінің орынбасары №45 бастауыш мектептің қазіргі жай-күйін көріп, елді мекенде жаңа мектеп салу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде аудан әкімі Жәнібек Ағыбаевтың есебін тыңдады.

Берілген мәліметке сәйкес, жаңа білім беру нысанының құрылысына арналған жер телімі белгіленіп, жобалық-сметалық құжаттама толық дайындалған. Сонымен қатар жоба мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алып, республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін тиісті басқарма арқылы ұсынылған. Қазіргі уақытта қаржы бөлу мәселесі қарастырылуда.

Қауіпсіздік талаптарына байланысты №45 бастауыш мектептің 1–4 сыныптарында білім алатын 56 оқушы мен мектепалды даярлық тобындағы 10 тәрбиеленуші арнайы көлікпен Бозсу елді мекеніндегі №43 «Болашақ» жалпы орта мектебіне тасымалдануда. Ал Ескіқорған елді мекенінің 5–11 сыныптарындағы 326 оқушы аталған мектепте білім алып келеді.

Нысанды аралау қорытындысында Еркебұлан Дауылбаев жауапты сала басшыларына жаңа мектеп құрылысына қатысты ұйымдастыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруды, сондай-ақ жобаны қаржыландыру мәселесін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Жаңа мектептің салынуы ауыл оқушыларының сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасап, білім беру инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді. Бұл жұмыстар «Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – білім беру сапасын арттыру саясаты аясында жүзеге асырылуда.