Түлкібас ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту және әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда. Осыған орай аудан әкімі Асқар Естібаев аудан аумағындағы бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Аудан басшысы азаматтарды жеке қабылдау барысында тұрғындар көтерген мәселелердің орындалуын үнемі назарда ұстайды. Осыған сәйкес жұмыс сапары барысында аудан орталығындағы Досалиев көшесіне барып, тұрғындармен кездесті және жолдың қазіргі жай-күйін зерделеді. Нәтижесінде шұғыл жөндеуді қажет ететін көшеге күтіп-ұстауға бөлінген қаржы есебінен толық жөндеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Сонымен қатар аудан орталығындағы Грицинин көшесінің жол жабындысының бірнеше бөлігінің тозғаны анықталды. Осыған байланысты жауапты мекемелерге аталған көшеде жөндеу жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде орындау жөнінде нақты міндеттер жүктелді.
Жұмыс сапары аясында аудан әкімі Сартөр және Құлан су қоймаларының қазіргі жай-күйімен де танысты. Аталған су қоймалары көктемгі және жауын-шашын кезінде жиналған суды сақтау, ауыл шаруашылығы алқаптарын суару маусымында тұрақты сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ су ресурстарын тиімді басқару мақсатында маңызды рөл атқарады.
Қазіргі таңда Сартөр су қоймасының жалпы сыйымдылығы 1 миллион текше метрді құрайды. Бүгінде онда шамамен 700–800 мың текше метр су жиналып, су қоймасы 80 пайызға жуық толған. Ал Құлан су қоймасының сыйымдылығы 1 миллион 400 мың текше метр болса, қазіргі уақытта су көлемі толық жиналып, нысан 100 пайызға толған.
Су қоймаларындағы жағдаймен танысу барысында аудан әкімі судағы қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударды. Түркістан облысы әкімдігінің тапсырмасына сәйкес су қоймаларының маңына «Шомылуға тыйым салынады» деген ескерту тақтайшаларын орнату, қауіпсіздік талаптарын күшейту және рұқсат етілмеген орындарда суға түскен азаматтарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілік шараларын қолдану тапсырылды. Сонымен қатар жауапты сала басшыларына тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп, адам өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық іс-шараларды күшейту міндеттелді.
Сапар барысында аудан басшысы Бақыбек шағынауданында салынып жатқан 100 орындық клубтың құрылыс алаңына барып, жұмыстардың орындалу барысын тексерді. Құрылыс кезінде анықталған кемшіліктер бойынша жауапты мамандарға нақты тапсырмалар беріліп, нысанды барлық талаптарға сәйкес сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау қажеттігі ескертілді.
Сонымен қатар биыл ауданда төрт фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Аудан әкімі аталған медициналық нысандардың құрылыс алаңдарын да аралап, құрылыс жұмыстарының әр кезеңін бақылап шықты. Жауапты мердігер ұйымдар мен сала мамандарына жұмыстарды белгіленген мерзімнен кешіктірмей, құрылыс талаптарын толық сақтай отырып аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Аталған жұмыстар Мемлекет басшысы айқындаған «Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – өңірлік даму мен инфрақұрылымды дамыту саясаты аясында жүзеге асырылуда. Жолдарды жөндеу, су шаруашылығы нысандарының тиімді жұмысын қамтамасыз ету, мәдениет және денсаулық сақтау нысандарын салу тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, ауылдық аумақтардың тұрақты дамуына және өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.
