Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев жұмыс сапарымен Шардара ауданына барып, өңірде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік маңызы бар құрылыс жобаларының орындалу барысымен танысты. Сапар барысында білім беру нысандарының құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстары, тұрғын үй құрылысы және жол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жобалардың жүзеге асырылуы зерделенді.
Алдымен облыс әкімінің орынбасары Ұзыната ауылындағы «Ұзыната» жалпы білім беретін мектебінің құрылыс алаңына барып, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен құрылыс қарқынын тексерді. Кездесу барысында бас мердігер ұйымның құрылыс лицензиясына қатысты мәселелер қаралып, заң талаптарына сәйкес құжаттарды ретке келтіру жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар құрылыс-монтаж жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттамаға толық сәйкестікте жүргізілуі және сапаның тұрақты бақылауда болуы міндеттелді.
Одан кейін жұмыс тобы Қ.Тұрысбеков ауылдық округіне қарасты Шардара ауылындағы А. Әлімбетов және Ш. Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектептердің құрылыс алаңдарын аралады. Аталған білім беру нысандарының құрылысы 2025 жылы басталып, 2026 жылға өтпелі жоба ретінде жүзеге асырылуда.
Еркебұлан Дауылбаев құрылыс жұмыстарының қарқынына, сапасына және белгіленген мерзімдердің сақталуына ерекше назар аударып, мердігер ұйымдарға барлық жұмыстарды уақытылы әрі талапқа сай аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ Түркістан облысының білім басқармасы басшысы Ғалымжан Орынов пен аудандық білім бөлімінің басшысы Жанат Мұсатаеваға құрылыс барысын тұрақты бақылауда ұстау міндеті жүктелді.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімінің орынбасары Шардара ауданындағы №16 колледждің материалдық-техникалық базасымен де танысты. Сенімгерлік басқаруға берілген оқу орнының даму жоспары қаралып, жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының сапасына баға берілді. Жауапты тұлғаларға нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беру тапсырылды.
Сонымен қатар Шардара қаласындағы жаңа шағынаудандарда жеке инвесторлардың қаржысы есебінен салынған бес қабатты тұрғын үйлердің жай-күйі қаралды. Жауапты сала басшыларына қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес бұл тұрғын үйлерді мемлекет қажеттілігі үшін сатып алу мүмкіндігін қарастыру жөнінде тапсырма берілді.
Сапар аясында Жаушықұм мен Қалғансыр елді мекендерін байланыстыратын ұзындығы 8 шақырым автомобиль жолының құрылыс жұмыстары да тексерілді. Облыс әкімінің орынбасары жол құрылысының сапасына ерекше мән беріп, нысанды белгіленген мерзімде әрі барлық талаптарға сәйкес пайдалануға беруді міндеттеді.
Жұмыс сапарын қорытындылаған Еркебұлан Дауылбаев әлеуметтік маңызы бар құрылыс жобаларының сапалы әрі уақытылы орындалуы тұрақты бақылауда болуы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі заманауи білім беру ортасын қалыптастыру, халықты сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарының бірі.
Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары аудан әкімі Арман Қарсыбаевқа құрылыс нысандарының сапасы мен олардың белгіленген мерзімде аяқталуын қатаң бақылауда ұстап, жауапты мекемелер арасындағы үйлесімді жұмысты қамтамасыз етуді тапсырды.
Аталған жұмыстар Мемлекет басшысы айқындаған “Әділетті Қазақстан” реформасының негізгі бағыттарының бірі – өңірлік даму мен инфрақұрылымды дамыту саясаты аясында жүзеге асырылуда. Әлеуметтік нысандардың сапалы салынуы, тұрғын үй қорын ұлғайту және жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, елді мекендердің тұрақты дамуына және экономикалық әлеуетінің нығаюына негіз қалайды.
