Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамСаясат

Түркістан облысында Конституциялық реформаларды қолдау коалициясы құрылды

Түркістан облысында жаңа Конституцияны түсіндіру және конституциялық реформаларды қолдау мақсатында өңірлік коалиция құрылды. Бұл бастама реформалардың мазмұнын халыққа кеңінен жеткізуге бағытталған жүйелі ақпараттық жұмыстың маңызды кезеңі саналады.

Өңірлік коалиция құрамына бес саяси партияның облыстық филиалдары, қоғам қайраткерлері, заңгерлер, мәслихат депутаттары, ғылыми және шығармашылық орта өкілдері мен сарапшылар енді. Жалпы саны 457 мүшеден тұратын коалиция облыстың барлық аудан-қалаларында тұрғындармен ауқымды кездесулер өткізуді жоспарлап отыр. Алдын ала мәлімет бойынша, әртүрлі әлеуметтік топтарды қамтитын 1959 ақпараттық кездесу ұйымдастырылмақ.

Ресми дерекке сәйкес, өңірде 1 миллион 195 мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Алдағы республикалық референдум аясындағы жұмыстарды үйлестіру мақсатында партия филиалдары жанынан 18 өңірлік коалиция құрылған. Олардың жұмысына «AMANAT», «Ауыл», «Ақ жол», Қазақстан Халықтық партиясы және Respublica партияларының өкілдері қатысады.

Жиында сөз сөйлеген «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев коалицияның құрылуын қоғамды ортақ мақсат төңірегіне топтастырудың көрінісі ретінде бағалады. Оның айтуынша, жаңа Конституция елдің тұрақты дамуына негіз болатын стратегиялық құжат.

Ал «AMANAT» партиясы облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева Конституциялық өзгерістер мемлекеттің сапалық жаңа кезеңге өтуіне жол ашатынын атап өтті. Ол заң үстемдігі, әділдік қағидаттары және азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелері құжаттың негізгі басымдықтары екенін жеткізді.

Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбіш те Конституция жобасының маңызына тоқталып, алдағы басты міндет реформалардың мәнін халыққа жан-жақты түсіндіру екенін айтты.

Жиын барысында Қазақстан Халықтық партиясы өңірлік филиалының өкілдері мен академиялық орта мамандары да пікір білдіріп, конституциялық реформалар қоғамдық сұраныстың нәтижесі екенін атап өтті.

Өңірлік коалиция алдағы уақытта халықпен ашық диалог форматында кездесулер өткізіп, жаңа құқықтық нормалардың мазмұнын түсіндіру жұмыстарын жалғастырады.