2026 жылғы 10–13 ақпан күндері Астана қаласындағы EXPO халықаралық көрме орталығында FIRST Robotics – Central Asia FIRST Championship & Drone Racing 2026 халықаралық фестивалі ұйымдастырылды. Ауқымды жарысқа жеті мемлекеттен келген 3000-нан астам оқушы қатысып, инженерлік және техникалық шеберліктерін сынға салды.
Беделді додада Алматы қаласының Наурызбай ауданындағы Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығының тәрбиеленушілері үздік нәтиже көрсетті. FIRST LEGO League Explore санатында өнер көрсеткен Alem Innovators командасы турнирдің ең жоғары марапаты — Champions Award Winner атағын жеңіп алды. Команда сапында Айша Кенжебай, Нұрберген Жәнібек, Досан Дәулет және Омар Ерланұлы бар. Жас өнертапқыштарға Айдана Аманбекқызы Ермек жетекшілік етеді.
Бұл жетістік алматылық оқушыларға АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін FIRST әлемдік финалында Қазақстан намысын қорғауға мүмкіндік берді. Маман пікірінше, жеңіс – қалада STEM және инженерлік білім беруді дамыту бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстың нақты көрінісі.
Айта кетейік, фестивальге Алматы атынан Kazbots және Alash командалары да қатысуда. Басқа санаттар бойынша жарыс қорытындылары алдағы күндері жарияланады. Алматының білім беру жүйесінде STEM-білімді ілгерілету мен дарынды оқушыларды қолдау басым бағыттардың бірі ретінде жалғасып келеді.
