Жаңа Конституцияны қолдауға бағытталған республикалық бастама шеңберінде Алматы облысында өңірлік коалиция құрылды. Қоғамдық бірлестік құрамына 300-ден астам адам енді.
Коалицияға мәслихат депутаттары мен төрағалары, саяси партиялардың өңірлік филиал жетекшілері, заң саласының мамандары, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері, сарапшылар, сондай-ақ кәсіподақ және жастар ұйымдарының мүшелері кірген.
Өңірлік коалиция жетекшісі Қуат Байғожаевтың айтуынша, бірлестіктің негізгі міндеті – Конституциялық өзгерістердің мазмұнын халыққа жан-жақты түсіндіру, қоғаммен ашық пікірталас алаңдарын қалыптастыру және реформаларды қолдауға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру.
Оның сөзінше, Конституция жобасы саяси жүйені жетілдіруге және мемлекеттік басқару тетіктерін жаңғыртуға негізделген. Құжатты әзірлеу барысында азаматтар мен сарапшылар тарапынан көптеген ұсыныстар ескерілген.
Алатау қалалық коалициясының жетекшісі Роза Абилова да Негізгі заңдағы өзгерістердің маңызын атап өтті. Ол құжатта азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыру мәселелеріне басымдық берілгенін айтты.
Коалиция мүшелері алдағы кезеңде облыс аумағында ақпараттық-түсіндіру кездесулерін, қоғамдық талқылаулар мен ашық диалог алаңдарын өткізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар шалғай елді мекен тұрғындарымен де кездесулер ұйымдастыру көзделген.
Еске салайық, жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдум 15 наурызға белгіленген.
