Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапары барысында Созақ ауданына барып, Шолаққорған ауылдық округінде табиғи газ желілерін іске қосу рәсіміне қатысты. Аймақ басшысы бұл оқиғаның аудан үшін тарихи маңызға ие екенін атап өтіп, тұрғындарды маңызды кезеңмен құттықтады. Осылайша, Созақ ауданы тұңғыш рет «көгілдір отынға» қосылды.
Өңір жетекшісінің айтуынша, Мемлекет басшысының ауылдық елді мекендердің өмір сүру сапасын арттыру және инженерлік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында облыста жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Газдандыру бағытында 2025 жылы 87 нысанның құрылысы басталып, оның 45-і аяқталған. Нәтижесінде 70 мыңнан астам тұрғыны бар 41 елді мекен табиғи газбен қамтылды. Жалпы алғанда, өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста 606 елді мекен газ желісіне қосылып, 1,9 миллионнан аса тұрғын табиғи газ игілігін пайдалану мүмкіндігіне ие болды.
Облыс әкімі Созақтағы автоматтандырылған газ тарату станциясы (АГТС) бар магистральды газ құбырының стратегиялық мәніне тоқталды. Бұған дейін облыстың барлық аудан-қалалары газдандырылғанымен, Созақта бұл мәселе шешімін таппаған еді. Енді аудан тұрғындары да табиғи газды пайдаланып, тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар жоба экологиялық ахуалды жақсартып, инвестиция тарту мен кәсіпкерлікті дамытуға серпін береді.
Салтанатты шара аясында Шолаққорған ауылдық округіндегі газ желілері ресми түрде іске қосылып, тұрғын үйлердің бірінде символикалық газ жағу рәсімі өткізілді. Жобаның жалпы құны 4,1 млрд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталып, 2025 жылдың желтоқсанында толық аяқталған. Жобаның өткізу қуаттылығы сағатына 30 000 текше метр газға тең.
Жоба толық іске асқан жағдайда Шолаққорған ауылдық округіндегі 4600 тұрғын үй табиғи газбен қамтылмақ. Бұл өз кезегінде халықтың тұрмыс деңгейін арттыруға, қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға және әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына оң әсер етеді. Сонымен қатар аталған АГТС арқылы ауданның өзге елді мекендерін кезең-кезеңімен газдандыру жоспарланып отыр.
