Rasmedia.kz
БілімДенсаулықҚоғамТехнология

Қазығұртта инфрақұрылым қарқынды дамып келеді: газ, жол, әлеуметтік нысандар

Өткен жылы Қазығұрт ауданында 14,6 млрд теңгеге құрылыс жұмыстары атқарылып, жалпы аумағы 35,1 мың шаршы метр болатын тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Нәтижесінде 80 отбасы баспаналы болды. Биыл бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, 100 пәтерді қолданысқа енгізу көзделіп отыр.

Аудан елді мекендері ауыз сумен толық қамтамасыз етілген. Электр желісіне қолжетімділік деңгейі 98,4 пайызды құрайды. Қазіргі таңда 61 елді мекеннің 55-іне табиғи газ жеткізілген, бұл – 90,1 пайыз. Жоспарға сәйкес, 2027 жылға қарай аудан аумағы орталықтандырылған газ жүйесімен толық қамтылады. Бұл туралы БАҚ өкілдерімен өткен брифингте аудан әкімі Азизхан Исмаилов мәлімдеді.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 2025 жылы 21 ішкі көше орташа жөндеуден өтіп, ел игілігіне берілді. Бұдан бөлек, аудандық бюджет есебінен 12 елді мекендегі 22 көшеде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Денсаулық сақтау саласында да ілгерілеу бар: 2025 жылы төрт медициналық нысанның құрылысы аяқталды, ал биыл тағы төрт мекеменің құрылысы басталмақ.

Білім беру инфрақұрылымын кеңейту бағытында Шарбұлақ ауылында 300 орындық мектептің құрылысы мемлекеттік бюджет есебінен қолға алынды. Сонымен қатар, жеке инвестиция арқылы Сарапхана ауылында 500 орындық және Қазығұрт ауылында 600 орындық білім ордаларының құрылысы басталды. Өткен жылы 15 мектепке ағымдағы жөндеу жасалса, биыл 35 мектепті жөндеуге қатысты ұсыныстар салалық басқармаға жолданған.

2025 жылдың қорытындысы бойынша ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 162,8 млрд теңгеге жетті. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті дамыту мақсатында Тұрбат ауылында 60 гектар аумақта «ТҰРБАТ» агроиндустриалды аймағы құрылды. Жыл соңына дейін нысанды қажетті инфрақұрылыммен толық қамту жоспарланып отыр. Аймақта 416 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Инвестициялық белсенділік те артып келеді: 2025 жылы негізгі капиталға 47,9 млрд теңге тартылса, биыл бұл көрсеткішті 56 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 83,1 млрд теңгені құрап, салаға 25,2 млрд теңге инвестиция бағытталған. Су үнемдеу технологиялары кезең-кезеңімен енгізілуде: қазіргі таңда 510 гектарға тамшылатып суару жүйесі орнатылған, биыл оны 600 гектарға дейін ұлғайту көзделіп отыр.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2025 жылы 534,6 млн теңгеге 65 жоба қолдау тапты. Биыл 1,2 млрд теңге бөліп, 98 жобаны қаржыландыру жоспарланған. Ирригациялық жүйелерді жақсарту мақсатында өткен жылы 78,6 шақырым канал механикалық тазалаудан өткізілсе, биыл 85,5 шақырым каналда тиісті жұмыстар жүргізіледі.