Rasmedia.kz
ДенсаулықЖаңалықтарҚоғамМемлекеттік бағдарламаСаяси реформалар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУДА

“Әділетті Қазақстан” реформасының негізгі бағыттарының бірі – өңірлік даму мен инфрақұрылымды жетілдіру, сондай-ақ әлеуметтік саясат аясында денсаулық сақтау саласының сапасын арттыру. Осы мақсатта елімізде халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетуге ерекше көңіл бөлініп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес Түркістан облысында денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту, медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру және ауылдық елді мекендерді қажетті нысандармен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда.

Түркістан облысы құрылғаннан бері өңірде денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған ауқымды жобалар іске асырылып, медициналық инфрақұрылым кезең-кезеңімен жаңартылуда. Соңғы сегіз жыл ішінде облыс аумағында жалпы саны 134 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға беріліп, халық игілігіне қызмет етуде.

Атап айтқанда, 2018 жылы бір дәрігерлік амбулатория іске қосылса, 2019 жылы 6 емхана, 1 дәрігерлік амбулатория және 1 қосымша ғимарат пайдалануға берілді. Ал 2020 жылы пандемия кезеңінде өңір тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында модульдік жұқпалы аурулар ауруханасы ашылды.

Денсаулық сақтау нысандарын салу жұмыстары кейінгі жылдары да қарқынды жалғасты. 2022 жылы 1 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт, 11 медициналық пункт және 1 облыстық жедел жәрдем станциясы пайдалануға берілді. 2023 жылы 1 аудандық емхана, 3 дәрігерлік амбулатория және 13 фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқталды.

Ал 2024 жылы медициналық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жаңа қарқын алып, 23 дәрігерлік амбулатория, 25 фельдшерлік-акушерлік пункт және 7 медициналық пункт ел игілігіне тапсырылды. Бұл нысандар ауыл тұрғындарының сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін арттырып, алғашқы медициналық-санитариялық көмектің тиімділігін күшейтуге мүмкіндік берді.

2025 жылы Түркістан қаласында балаларды оңалту орталығы ашылып, қосымша 8 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік-акушерлік пункт және 22 медициналық пункттің құрылысы аяқталды. Нәтижесінде өңірдегі медициналық қызмет көрсету жүйесінің әлеуеті артып, тұрғындарға көрсетілетін көмектің сапасы жақсара түсті.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде халықты алғашқы медициналық-санитариялық көмекпен қамту деңгейі айтарлықтай жоғарылады. Әсіресе шалғай ауылдар мен елді мекендерде медициналық қызметтердің қолжетімділігі артып, тұрғындардың уақытылы диагностикадан өтуіне және қажетті ем алуына мүмкіндік жасалды. Бұл өз кезегінде аурулардың алдын алу шараларын күшейтіп, халық денсаулығын жақсартуға және өмір сүру сапасын арттыруға оң ықпал етуде.

Өңірде денсаулық сақтау нысандарын салу және жаңғырту жұмыстары биыл да жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта облыс аумағында 24 медициналық нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 7 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт, 11 медициналық пункт және 4 жедел жәрдем дислокациясы бар.

Жаңа медициналық нысандардың іске қосылуы тұрғындардың сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алу мүмкіндігін кеңейтіп, өңірдегі денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға жол ашады. Сонымен қатар бұл жұмыстар ауылдық жерлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды нығайтып, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етеді.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің бақылауымен медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Бұл бастамалар өңірдің денсаулық сақтау саласын жаңа деңгейге көтеріп, халықтың денсаулығын сақтауға және өмір сүру ұзақтығын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.