Төле би ауданында 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Төлеби ауданында тарихи жадыны жаңғыртуға бағытталған «Зұлмат жылдар ұмытылмайды» атты тағылымды кеш ұйымдастырылып, аудандық «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау мекемесінде өткізілді.
Шараның негізгі мақсаты – қазақ халқының тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірі болған саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық жылдарының зардаптарын еске алу, жазықсыз жапа шеккен азаматтардың рухына тағзым ету, сондай-ақ өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырып, өткеннен тағылым алуға үндей отырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу болды.
Тарихи кешке Ленгір қалалық ардагерлер кеңесінің және әжелер кеңесінің мүшелері, аудандық «Нұр» мешітінің найб имамы Ж. Жаппаров, аудандық Жастар ресурстық орталығының мамандары, аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері, сондай-ақ музей қызметкері Ғ. Түсіпбаева қатысты.
Іс-шара барысында қатысушыларға саяси қуғын-сүргін және ашаршылық кезеңдеріне қатысты тарихи деректер мен архивтік мәліметтер таныстырылып, сол кезеңдегі халқымыз бастан өткерген ауыр тағдыр кеңінен баяндалды. Сонымен қатар, ел тәуелсіздігі жолында құрбан болған азаматтардың ерлігі мен өмір жолы туралы тағылымды әңгімелер айтылып, тарихи оқиғалардың маңыздылығы жан-жақты түсіндірілді.
Кеш аясында қуғын-сүргін құрбандарының рухына Құран бағышталып, олардың жарқын бейнесі мен ел жадында сақталған естеліктері еске алынды. Қатысушылар өткен тарихтан сабақ алып, халқымыздың бірлігі мен ынтымағының құндылығы жөнінде пікір алмасты.
Мұндай тағылымды шаралар тарихи әділдікті дәріптеуге, өткеннің қасіретті беттерін ұмытпай, келешек ұрпаққа ел тарихын құрметтеудің маңызын түсіндіруге бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады.
