Алматы қаласындағы «Атакент» халықаралық көрме орталығында өткен Қазақстандағы XXI Қытай тауарлары көрмесінде Төлеби ауданының инвестициялық және кәсіпкерлік мүмкіндіктері таныстырылды. Халықаралық іс-шараға аудан делегациясы қатысып, өңірдің экономикалық әлеуеті мен өндірістік мүмкіндіктерін шетелдік әріптестер назарына ұсынды.
Төлеби аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Асхат Раимбеков бастаған делегация ауданның инвестициялық тартымдылығы, кәсіпкерлік саласының дамуы және өндірістік әлеуеті туралы жан-жақты ақпарат берді.
Көрме барысында Төлеби ауданынан «Балмұздақ» кәсіпорны, «Бірлік» ЖШС және өзге де жергілікті кәсіпкерлер өз өнімдерін көпшілікке ұсынып, өндірістік мүмкіндіктерін таныстырды. Сонымен қатар шетелдік компаниялармен іскерлік кездесулер ұйымдастырылып, өндірістік кооперацияны дамыту, инвестиция тарту және ұзақ мерзімді өзара тиімді әріптестік орнату бағытында келіссөздер жүргізілді.
Мұндай халықаралық көрмелер жергілікті кәсіпкерлер үшін жаңа нарықтарға шығуға, өнімдерін халықаралық деңгейде танытуға және шетелдік инвесторлармен іскерлік байланыстар орнатуға кең мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл бастамалар ауданның инвестициялық тартымдылығын арттырып, өндіріс көлемін ұлғайтуға және жаңа жобаларды іске асыруға оң ықпал етеді.
Аталған жұмыстар Мемлекет басшысы айқындаған “Әділетті Қазақстан” реформасының негізгі бағыттарының бірі – инвестициялық ахуалды жақсарту саясатына толық сәйкес келеді. Инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау және халықаралық экономикалық байланыстарды кеңейту арқылы өңірдің бәсекеге қабілеттілігі артып, әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріледі.
