Шымкент қаласында қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс жиыны өтті. Кеңеске құқық қорғау және арнаулы органдардың жетекшілері, мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиын барысында қаладағы криминогендік жағдайға жан-жақты талдау жасалып, қолданыстағы алдын алу шараларының тиімділігі мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған ведомствоаралық өзара іс-қимылдың өзекті тетіктері қаралды. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Шымкент қалалық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Арман Бейсенбаев, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің қалалық департаментінің басшысы Өркен Сейітов және қала прокурорының орынбасары Рашид Әміров баяндама жасады.
Кеңес барысында қала әкімі құқық бұзушылықтың алдын алу мемлекеттік органдар қызметіндегі негізгі бағыттардың бірі болып қала беретінін атап өтті. Сондай-ақ «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» жаңа Заңның қабылдануына байланысты жергілікті деңгейде профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, қауіп-қатерлерді ерте кезеңде анықтауға басымдық беру қажеттігін айтты.
«– Алдын алу шаралары нақты әрі нәтижеге бағытталуы тиіс. Профилактика – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, барлық мемлекеттік құрылымдардың ортақ міндеті. Бұл жұмыс үздіксіз және жүйелі түрде жүргізілуі қажет,» – деді Ғабит Сыздықбеков.
Сонымен бірге мегаполис басшысы ауыр құқық бұзушылықтардың, соның ішінде кәмелетке толмағандар арасындағы суицид деректерінің алдын алуға айрықша көңіл бөлу қажеттігін атап өтті.
«– Мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу – бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Отбасында – ата-ана, білім беру ұйымдарында – педагог, қоғамда – әрбір азамат бұл іске бейжай қарамауы тиіс. Сондықтан ақпараттық-түсіндіру жұмыстары барлық бағытта күшейтілуі қажет,» – деді қала әкімі.
Жиын қорытындысында жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеліп, құқық қорғау органдары мен аудан әкімдеріне өзара үйлесімді әрі бірлескен жұмысты күшейту тапсырылды.
