Түркістан облысы Ордабасы ауданына қарасты Темірлан ауылында 200 орындық облыстық перинаталдық орталықтың құрылысы басталды. Маңызды нысанның іргетасын қалау, яғни уақыт капсуласын салу рәсіміне облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Аймақ тұрғындарын жаңа бастамамен құттықтады.
Салтанатты шара барысында облыс әкімі Мемлекет басшысының медициналық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмаларына тоқталып, Түркістан өңірінде бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа перинаталдық орталық Ордабасы, Бәйдібек, Сайрам, Түлкібас аудандары мен Арыс қаласының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Бұл өз кезегінде шалғай елді мекен тұрғындарының сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін арттырады.
«– Жаңа орталықта жүкті әйелдер мен нәрестелерге жоғары деңгейдегі заманауи медициналық қызмет көрсетіледі. Бұл ана мен бала денсаулығын нығайтып қана қоймай, өңірдегі демографиялық ахуалды жақсартуға да оң әсер етеді,» – деді Нұралхан Көшеров.
Жобаның мердігері – «ВД Строй-Инжиниринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Перинаталдық орталық 200 төсек-орынға есептелген. Ғимараттың жалпы аумағы 34 233,30 шаршы метрді, ал құрылыс ауданы 12 009,73 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жүргізілетін жер телімінің жалпы көлемі – 8 гектар.
Жаңа медициналық нысан облыстық деңгейде ана мен балаға көрсетілетін көмектің сапасын арттыруға, сондай-ақ өңір тұрғындарына заманауи әрі қолжетімді медициналық қызмет ұсынуға бағытталған маңызды жоба болмақ.
