Қазақстанда қызметкерлердің жеке медициналық кітапшаларын бақылау жүйесі толықтай цифрландырылды. Бұл бастама Денсаулық сақтау министрлігі e-SEN платформасында іске асырған «Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау» сервистік бағдарламалық өнімі аясында жүзеге асып отыр.
Цифрлық жүйе қызметкерлердің жеке медициналық кітапшаларының жарамдылық мерзімін автоматты түрде бақылап, жұмыс берушілерге рұқсаттың аяқталуына қатысты алдын ала ескерту жолдайды. Нәтижесінде, міндетті медициналық тексеруден өтпеген қызметкерлерді уақытылы шеттетуге мүмкіндік туады, бұл инфекциялық аурулардың таралу қаупін төмендетуге ықпал етеді.
Жеке медициналық кітапшаларды цифрлық бақылау санитариялық-эпидемиологиялық қадағалаудың бірыңғай ақпараттық жүйесінің бір бөлігі ретінде еліміздің барлық өңірлерінде енгізілген. Платформа санитариялық қызмет органдары мен бизнес өкілдерін ортақ цифрлық кеңістікке біріктіреді.
Қазіргі таңда жүйеде 178 мыңнан астам бақылаудағы нысан мен 95 мыңнан аса кәсіпкерлік субъектіні қамтитын бірыңғай тізілім жасақталған. Пайдаланушылар саны 104 мыңнан асты.
Платформа объектілерге бармай-ақ профилактикалық бақылау жүргізуге мүмкіндік береді. 2025 жылы кәсіпкерлер өндірістік бақылау бойынша 10 194 есеп тапсырып, олардың нәтижесінде анықталған кемшіліктерді жоюға қатысты 731 ұсыным берілген.
СЭҚ сервистік бағдарламалық өнімі мемлекеттік ақпараттық жүйелермен, соның ішінде заңды және жеке тұлғалар дерекқорларымен, рұқсат беру құжаттары және тексерулерді есепке алу жүйелерімен толық интеграцияланған. Ақпарат алмасу онлайн режимде жүзеге асып, қағаз құжат айналымы барынша қысқартылды.
Талдамалық дашбордтар өңірлердің есеп беру көрсеткіштері бойынша рейтинг қалыптастыруға, рұқсат құжаттары жоқ объектілерді анықтауға және тәуекел деңгейіне қарай тексерулерді автоматты түрде жоспарлауға мүмкіндік береді.
2026–2027 жылдары санитариялық-эпидемиологиялық жағдайдың толық тарихын қамтитын, тексеру нәтижелері мен қабылданған шаралар көрсетілетін объектілердің бірыңғай цифрлық паспорты енгізіледі. Сонымен қатар, азаматтар үшін қоғамдық тамақтану, білім беру және қызмет көрсету салаларындағы нысандардың санитариялық жағдайы бойынша ашық рейтинг қалыптастыру көзделген.
Бизнес субъектілері үшін өзін-өзі бақылау тетіктері кеңейтіліп, барлық хабарламалар, актілер мен нұсқамалар электронды форматта ұсынылады. Ал тексеру кестелері адам факторын барынша азайтатын тәуекелдерді бағалау жүйесі негізінде автоматты түрде жасалады.
Жоба санитариялық талаптардың сақталуын күшейтуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және эпидемиологиялық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған.
