Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғам

Өскемен мен Зайсан арасында әуе қатынасы қалпына келеді

Шығыс Қазақстан облысында Өскемен мен Зайсан қалалары арасындағы әуе қатынасы қайта іске қосылады. Рейс мемлекеттік субсидиялау конкурстарының қорытындысы шыққаннан кейін ұшу кестесіне енгізілмек.

Әлеуметтік маңызы бар бағытты қолдау аясында 2026 жылға арналған бюджеттен қосымша қаржы қарастырылған. Соның нәтижесінде Өскемен–Зайсан бағыты бойынша әуе рейсін қайта жандандыруға мүмкіндік туған. Билет бағасы барып-қайту бағытына 34 мың теңге көлемінде белгіленген. Бұл сомаға салмағы 20 келіге дейінгі жүк тасымалы да кіреді.

Шығыс Қазақстан облысы жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, әуе тасымалдаушысын анықтау бойынша барлық конкурс рәсімдері толық аяқталған.

Басқарма өкілдерінің айтуынша, биыл аталған бағытқа субсидия бөлу көзделіп, конкурс нәтижесінде тасымалдаушы айқындалған. Бұл шешім әуе рейстерін қайта іске қосуға және билеттердің тұрғындар үшін қолжетімді болуын қамтамасыз етуге бағытталған.