Rasmedia.kz
ЖаңалықтарИнклюзияҚоғам

Мемлекет басшысы әлеуметтік-еңбек саясатының басымдықтарын талқылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевты қабылдады.

Кездесу барысында Президентке министрліктің биыл атқаратын негізгі бағыттары туралы есеп берілді. Атап айтқанда, халықты жұмыспен қамту саласындағы жоспарлар таныстырылып, уақытша шаралардан гөрі тұрақты әрі сапалы жұмыс орындарын ашуға басымдық берілетіні айтылды. Еңбек ұтқырлығын арттыру, білім беру жүйесін еңбек нарығының нақты сұранысымен ұштастыру мәселелері де назарға алынды. Сонымен қатар жастарды, оның ішінде NEET санатындағы азаматтарды жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлінбек.

Президентке атаулы әлеуметтік көмекті жетілдіру жөніндегі жоспарлар ұсынылды. Министрлік цифрлық бағалау тетіктерін енгізу арқылы әлеуметтік қолдаудың нақты мұқтаж жандарға дер кезінде жетуін қамтамасыз етуді көздеп отыр. Бұдан бөлек, еңбекке жарамды азаматтарды жұмыспен қамтуды міндеттейтін әлеуметтік келісімшарт тәжірибесін кеңейту жоспарланған.

Кездесуде зейнетақы жүйесінің ұзақ мерзімді тұрақтылығын сақтау және зейнетақы төлемдерінің лайықты деңгейін қамтамасыз ету мәселелері де талқыланды.

Сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғау бағытындағы жұмыстарға тоқталынды. Арнаулы әлеуметтік қызметтерді жан басына қарай қаржыландыру тетігін дамыту, қызмет сапасының стандарттарын күшейту, оңалту қызметтері мен техникалық құралдардың қолжетімділігін арттыру, инклюзивті жұмыс орындарын құру көзделіп отыр.

Министр Мемлекет басшысына Көші-қон саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыруға арналған іс-қимыл жоспары жөнінде мәлімет берді. Құжатта көші-қон үдерістерін басқару мен болжау жүйесін жетілдіру, ішкі миграцияны теңгерімді жүргізу және ұлттық еңбек нарығын қорғауға басымдық бере отырып, еңбек көші-қонын реттеу шаралары қарастырылған.

Кездесу қорытындысында Президент халықты жұмыспен қамту, азаматтардың табысын арттыру, әлеуметтік қолдаудың тиімділігін бақылауды күшейту, зейнетақы жүйесін жетілдіру, теңгерімді көші-қон саясатын іске асыру, инклюзивті әлеуметтік қорғау тәсілдерін дамыту және цифрлық шешімдер арқылы еңбекті қорғау жүйесін нығайту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.