Алматы қаласында қоғамдық көлікте жолақы төлеудің бірыңғай цифрлық форматы енгізіле бастайды. Қалада Avtobys атты заманауи төлем жүйесі кезең-кезеңімен қолданысқа енбек. Аталған шешім бүгінде Қазақстан мен Қырғызстанның 24 қаласында тиімді жұмыс істеп келеді.
Жаңа цифрлық жүйе отандық Innoforce технологиялық холдингі тарапынан әзірленген. Avtobys Алматының көлік саласын цифрландыру және басқару үдерісін жетілдіру аясында енгізілуде.
Қаланың жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының хабарлауынша, жаңа жүйе жолақы төлеудің бірнеше ыңғайлы әдісін ұсынады. Жолаушылар сапар ақысын банк картасы, көлік картасы, сондай-ақ Apple Pay мен Google Pay сервистері арқылы төлей алады.
Бұдан бөлек, Avtobys мобильді қосымшасы арқылы QR-кодты пайдалану, Bluetooth және NFC технологиялары, көлік нөмірі арқылы төлем жасау мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ банк пен ұялы байланыс операторларының қосымшалары арқылы да жолақы төлеуге болады. Бұл жолаушыларға қосымша қадамдарсыз, жылдам әрі қолайлы төлем тәсілін таңдауға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік жеңілдіктерге ие жолаушылар үшін тарифті Avtobys қосымшасы арқылы онлайн рәсімдеу тетігі енгізіледі. Бұл қызмет көрсету орталықтарына баруды және қағаз құжаттармен жұмыс істеуді қажет етпейді.
Сарапшылардың пікірінше, цифрлық төлем жүйесі енгізілген қалалардағы тәжірибе жолаушыларға қолайлылықты арттырып қана қоймай, қоғамдық көлік саласының тиімділігін де күшейткен. Сапарлар есебі ашық жүргізіледі, билетсіз жүру азаяды, ал маршруттарды жоспарлау мен бақылау жеңілдейді.
Avtobys тек төлем жасауға арналған құрал емес, сонымен қатар тасымал үдерісін басқаруға мүмкіндік беретін кешенді цифрлық платформа саналады. Жолаушылар қоғамдық көліктің қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылап, сапарын алдын ала жоспарлай алады. Ал тасымалдаушылар мен бақылау қызметтері үшін аналитикалық деректердің дәлдігі артып, тіркелмеген сапарлар саны азаяды.
Алматыда Avtobys жүйесін енгізу бірнеше кезеңмен жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде жүйе жекелеген бағыттарда іске қосылып, кейін барлық қалалық қоғамдық көлікке біртіндеп енгізіледі.
