Қазақстанда шикізаттық емес экспортты арттыру және отандық өндірушілердің сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілетін күшейту міндеті өзекті болып отыр. Осы мақсатта 2030 жылға қарай Алматы қаласы мен Алматы облысынан экспортталатын дайын өнім көлемін 1,5 млрд АҚШ долларына ұлғайту жоспарлануда. Бұл мәселе өңірдің экспорттық әлеуетіне арналған дөңгелек үстелде талқыланды.
Іс-шараға Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов, мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор және бизнес қауымдастық өкілдері қатысты.
Алматы агломерациясында бүгінде 4 миллионға жуық халық тұрады. Елдегі шағын және орта бизнес субъектілерінің үштен бірінен астамы осы өңірде шоғырланған. Сарапшылардың бағалауынша, бұл аумақ Қазақстанның негізгі қаржы, кәсіпкерлік және логистика орталығы саналады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматының сыртқы сауда айналымы 33,6 млрд АҚШ долларына жетіп, 5,2 пайызға өсті. Экспорт көлемі 6 млрд долларды құрағанымен, мамандар бұл көрсеткіштің қаланың экономикалық әлеуетіне толық сәйкес келмейтінін айтады. Дегенмен Қытай, Орталық Азия, Еуропа және ТМД нарықтарына жеткізілімнің тұрақты артуы өңір өнімдеріне сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.
Алматы облысында өсім қарқыны бұдан да жоғары. Сауда айналымы 15,6 пайызға ұлғайып, 4,2 млрд долларға жетсе, экспорт көлемі 28 пайызға өсіп, 1,1 млрд доллардан асты. Өсімнің негізгі үлесі дайын өнім өндірісіне тиесілі. Бұл өңір экономикасының шикізаттық бағыттан индустриялық-аграрлық модельге кезең-кезеңімен ауысып жатқанын білдіреді.
Министр Арман Шаққалиев қызмет көрсету экспортының маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Алматы ІТ, консалтинг, қаржы және цифрлық шешімдер экспорты бойынша көшбасшы. Қазіргі таңда бұл бағыттағы экспорт көлемі 300 млн АҚШ долларынан асады.
Өңірдегі экспорттық белсенділікке электронды сауда да серпін беріп отыр. Қазақстандағы онлайн-сатылымның жартысынан көбі Алматының үлесінде. Бұл шағын және орта бизнеске сыртқы нарықтарға шығуға мүмкіндік беретін дайын инфрақұрылым ретінде бағаланады.
Сауда министрлігінің дерегінше, Алматы агломерациясының жиынтық экспорттық резерві шамамен 1,5 млрд АҚШ долларына тең. Негізгі әлеует азық-түлік өнеркәсібі, химия, машина жасау, фармацевтика, құрылыс материалдары және ІТ секторында шоғырланған.
Стратегиялық мақсат – Алматы мен Алматы облысын Орталық Азиядағы жетекші шикізаттық емес экспорт орталығына айналдыру. Осы бағытта экспорттық кластерлерді дамыту, цифрлық платформаларды кеңейту, бизнеске қаржылай қолдау тетіктерін күшейту және «Бірыңғай терезе» жүйесі арқылы кешенді қызмет көрсету көзделген.
Жоспарланған шаралардың нәтижесінде 2030 жылға қарай өңір экспорты айтарлықтай ұлғайып, қосылған құны жоғары өнім өндірісіне негізделген тұрақты даму моделі қалыптасады.
