Алматыда «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелері шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізді. Жиынға депутаттар, сарапшылар, кино және музей саласының мамандары, шығармашылық бірлестіктер мен медиа және креативті индустрия өкілдері қатысты.
Іс-шара жаңа Конституция жобасы мен 15 наурызға жоспарланған республикалық референдум мәселелеріне арналды. Кездесуде сөз сөйлеген премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Ата заң жобасында адами капиталды дамытуға басымдық берілгенін атап өтті. Оның айтуынша, мәдениет пен тарихи мұраны қорғау конституциялық деңгейде айқын көрініс тапқан.
Министр білім, ғылым, мәдениет және инновация бағыттарына ерекше мән берілгенін, ал ұлттық мәдениет пен тарихи-мәдени мұраны сақтау қағидаттары негізгі заңда бекітілгенін жеткізді. Сондай-ақ азаматтардың тарихи және мәдени құндылықтарға ұқыпты қарау міндеті де нақты көрсетілгенін айтты.
Сарапшылар мен мәдениет қайраткерлері де өз пікірлерін ортаға салды. Медиаменеджер Нұржан Мұхамеджанова жоба заң үстемдігін нығайтып, қоғамдық қатысу тетіктерін кеңейтетінін, соның ішінде цифрлық кеңістіктегі құқықтарды қорғауға көңіл бөлінгенін айтты.
Режиссер Талғат Теменов Конституция жобасының бірқатар жаңашылдығына назар аударып, референдумның маңызын атап өтті. Ал продюсер Жалын Тілеуберген құжатта креативті индустрия мен шығармашылық еркіндікті дамытуға негіз бар екенін жеткізді.
Кездесу соңында қатысушылар жаңа Конституция жобасына қатысты ой-пікірлерімен алмасып, ұсыныстарын білдірді.
