Елімізде қызылша ауруының өсуіне байланысты санитариялық дәрігерлер қосымша профилактикалық шараларды енгізді. Ресми мәліметке сәйкес, 2026 жылдың қаңтарында қызылша жұқтырудың 2 мыңнан астам жағдайы тіркелген. Науқастардың шамамен 80%-ы вакцина алмаған балалар. Бұл туралы Санитариялық — эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми сайтында жарияланған.
Қаулыға сәйкес, эпидемиологиялық ахуал тұрақталғанға дейін бірқатар жас топтарына қосымша вакцинация жүргізіледі. Атап айтқанда:
- 6 айдан 10 айға дейінгі балаларға қызылшаға қарсы иммундау
- 2–5 жас аралығындағы егілмеген балаларға тазартатын иммундау
- Бұрын екпе алмаған 7–18 жас аралығындағы балаларға толықтыра вакцинация
- 30 жасқа дейінгі екпе мәртебесі белгісіз немесе егілмеген медицина қызметкерлеріне вакцинация
Барлық екпелер ата-ананың немесе заңды өкілдің ақпараттандырылған келісімімен жүргізіледі.
Сонымен қатар, қорғаныс және күштік құрылымдарға инфекцияның таралуын болдырмау үшін қосымша шектеу және бақылау шараларын сақтау тапсырылды. Қызылшаға күдікті немесе науқастармен байланыста болған әскерге шақырылушылар 21 тәулікке оқшауланады.
Өңір әкімдіктеріне эпидемиологиялық жағдайды тұрақты бақылау және вакцинациямен қамтуды арттыру жүктелді. Ал денсаулық сақтау органдары байланыста болған адамдарды жедел вакцинациялау, медициналық бақылау, вакциналардың жеткілікті қорын қамтамасыз ету және санитариялық талаптарды күшейту бойынша жұмыстарды жалғастырады.
Мамандар қызылшаның алдын алудың ең тиімді жолы – уақтылы вакцина алу екенін еске салады.
