Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамМемлекеттік бағдарламаСаяси реформаларЭкономика

КЕЛЕСТЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

«Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – өңірлік даму мен инфрақұрылымды жетілдіру, сондай-ақ инвестициялық ахуалды жақсарту. Осы міндеттер аясында Келес ауданында жаңа өндіріс орындарын ашу, әлеуметтік нысандар салу және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.

Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Жүзімдік және Бірлесу ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесіп, өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалардың барысы жөнінде ақпарат берді. Ашық диалог форматында өткен кездесулер барысында тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстары тыңдалып, өзекті мәселелер талқыланды.

Жүзімдік ауылдық округінде жеке инвесторлардың қолдауымен құны 2 млрд теңгені құрайтын минералды су өндіретін зауыт пен 500 млн теңгелік заманауи емдеу орталығын іске қосу жоспарлануда. Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауданның өндірістік әрі әлеуметтік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар округте инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Жүзімдік елді мекеніндегі 11 көшеге орташа жөндеу жүргізіліп, Ақсу және Оңтүстік елді мекендерінде ауыз су жүйелері жаңартылып, тұрғындар таза сумен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жаңа мәдениет үйінің құрылысы аяқталу кезеңіне жетіп, электр желілерін жаңарту жұмыстары жүргізілуде.

Бірлесу ауылдық округінде де жол, ауыз су және жарықтандыру инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған жобалар жүзеге асырылуда. Қазақстан елді мекеніндегі көшелерді жөндеу жобасы әзірленіп, ауыз су тазарту қондырғыларын орнату жұмыстары қолға алынған. Сонымен қатар бірқатар елді мекендерде көше жарықтандыру жүйелері жаңартылып, суару арналарының жұмысын жақсарту бағытындағы жобалар дайындалуда.

Кездесулер қорытындысында тұрғындар көтерген мәселелер бақылауға алынып, жауапты мекемелерге тиісті тапсырмалар берілді. Аудан басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға алғыс білдіріп, тұрғындарды «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді қатысуға шақырды.