«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында азаматтармен кері байланысты дамытуға, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын жедел қарауға ерекше мән берілуде. Осы бағытта Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Бірлік және Ақтөбе ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесу өткізді.
Мемлекет басшысының барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен тұрақты кездесулер өткізу жөніндегі Жарлығына сәйкес ұйымдастырылған жиындар ашық диалог форматында өтті. Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, аудан басшысына сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Бірлік ауылдық округінде табиғи газбен қамту, ауыз су сапасы, көшелерді асфальттау, электр желілерін жаңарту және жайылым жер мәселелері талқыланды. Аудан әкімі аталған бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, инфрақұрылымдық жобалардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Ақтөбе ауылдық округіндегі кездесуде тұрғындар жол жөндеу, ауыз су жүйелерін іске қосу, мектеп құрылысы, электр желілерін жаңғырту және өрт сөндіру бекетін ашу мәселелерін көтерді. Көтерілген сұрақтарға тиісті түсіндірмелер беріліп, жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктелді.
Кездесу қорытындысында аудан әкімі тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстары бақылауға алынатынын айтып, елді мекендерді көркейту және «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді қатысуға шақырды.
