Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамМемлекеттік бағдарламаСаяси реформалар

АБАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ АУДАН ӘКІМІНЕ ТІКЕЛЕЙ ЖЕТКІЗДІ

Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев аудан орталығы Абай ауылының тұрғындарымен кездесу өткізіп, елді мекеннің даму барысы мен тұрғындарды алаңдатқан мәселелерді талқылады. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес ұйымдастырылған жиын ашық пікір алмасу форматында өтті.

Кездесу барысында тұрғындар инфрақұрылым, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жер қатынастары, электр энергиясы, жол жөндеу және ауылды абаттандыру мәселелері бойынша сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Әрбір көтерілген мәселе бойынша түсіндірмелер беріліп, жауапты сала мамандарына тиісті тапсырмалар жүктелді.

Жиында аудан басшысы Абай ауылында жүзеге асырылып жатқан жобаларға тоқталып, қазіргі таңда бірқатар көшелерде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, Жамбыл, Б.Қырғызалиев, Абылай хан, Б.Оспанов, Т.Рысқұлов көшелерінде, сондай-ақ Ә.Молдағұлова мен Құрылыс көшелерінде ретке келтіру және жаңғырту жұмыстары қолға алынған.

Елді мекенді көркейту бағытындағы жұмыстар да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Ә.Жылқышиев гүлзарының жалғасын салу жобасы аясында жаяу жүргіншілер жолдары салынып, жарықтандыру жүйелері орнатылуда. Сонымен қатар көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ауыл аумағына 105 бейнебақылау камерасы орнатылып, Жедел басқару орталығының жұмысы жолға қойылған. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігін арттырып, құқық бұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік беруде.

Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытында да бірқатар жобалар іске асырылуда. Инвесторлар қаржысы есебінен салынған 104 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілсе, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде 8 пәтерлі 22 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда нысандардың басым бөлігінде құрылыс жұмыстары аяқталу кезеңіне жеткен.

Кездесу соңында аудан әкімі тұрғындар көтерген барлық мәселелер бақылауға алынатынын айтып, олардың заң талаптарына сәйкес қаралатынын жеткізді. Сондай-ақ қоршаған ортаның тазалығын сақтау ісіне тұрғындарды белсенді атсалысуға шақырды.

Айта кетейік, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында мемлекеттік органдардың халықпен тұрақты кездесулер өткізуіне, азаматтардың ұсыныс-пікірлерін ескеруге және тұрғындар өтініштерін жедел қарауға ерекше мән берілуде. Осындай кездесулер билік пен қоғам арасындағы тиімді кері байланысты нығайтуға ықпал етеді.