«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында мемлекеттік органдар мен тұрғындар арасындағы ашық диалогты дамытуға ерекше мән берілуде. Халықпен тұрақты кездесулер өткізу, азаматтардың өтініштерін жедел қарау және кері байланыс тетіктерін жетілдіру – мемлекеттік басқарудың негізгі басымдықтарының бірі болып табылады.
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Ошақты және Қошқарата ауылдық округтерінде тұрғындармен көшпелі кездесу өткізіп, елді мекендердің даму барысы мен халықты толғандырған мәселелер бойынша ашық пікір алмасты. Мемлекет басшысының әкімдердің халықпен тұрақты кездесулер өткізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылған жиындар еркін диалог форматында өтті.
Кездесу барысында аудан тұрғындары инфрақұрылым, коммуналдық қызметтер, жол, білім, денсаулық сақтау және өзге де әлеуметтік мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Аудан басшысы әрбір көтерілген мәселе бойынша түсініктеме беріп, тұрғындардың өтініштері бақылауға алынатынын атап өтті.
Жиында Ошақты ауылдық округінде атқарылған жұмыстардың нәтижелері таныстырылды. Бүгінде округ құрамындағы 13 елді мекен толықтай орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Сонымен қатар Ошақты, Саңырау және С.Саттаров ауылдарында қосымша су тазарту қондырғылары іске қосылған. Газдандыру бағытында жеті ауыл көгілдір отынға қосылып, қалған елді мекендерге газ желілерін тарту жұмыстары жалғасуда.
Электр желілерін жаңарту, жол инфрақұрылымын жақсарту және әлеуметтік нысандар салу бағытында да бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Атақоныс ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілсе, Жиделі мен Еңбек ауылдарында осындай медициналық нысандардың құрылысын бастауға қажетті құжаттар әзірленген. Сондай-ақ Сарыжылға ауылында кіші футбол алаңы ел игілігіне тапсырылып, Ошақты ауылында жаңа спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде.
Қошқарата ауылдық округінде тұрғындардың бұған дейін көтерген мәселелерінің орындалу барысы да талқыланды. Бесқұбыр ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріліп, ескі медициналық нысан сүрілген. Сонымен қатар ауыл аумағындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны жабылып, санитарлық тазалықты сақтау бағытындағы жұмыстар жүйелендірілген.
Округтегі бірнеше елді мекен мен жаңа көшелер табиғи газбен қамтылып, Жаңақоныс пен Бесқұбыр ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункттердің құрылысы аяқталған. Аманжар ауылында медициналық нысанды іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен бірге бірқатар ауылдардың ішкі көшелеріне асфальт төселіп, суару арналары тазартылып, ағын судың өткізу қабілеті жақсартылған.
Жеке кәсіпкерлердің қолдауымен Аманжар және Бәйтерек ауылдарында спорт кешендерінің құрылысы жүргізілуде. Ал Қошқарата мен Қарабура ауылдарында жаңа спорт алаңшалары пайдалануға беріліп, тұрғындардың игілігіне ұсынылған.
Кездесу барысында аудан әкімі алдағы кезеңде жүзеге асырылатын жобаларға да тоқталды. Атап айтқанда, Ұшқын ауылындағы ішкі жолдарды жөндеу жұмыстарын аяқтау, №24 мектепке жаңа ғимарат салу және Жамбыл ауылындағы бірқатар көшелерді асфальттау бойынша тиісті ұсыныстар енгізілгені айтылды. Сондай-ақ тұрғындар тарапынан көтерілген жол сапасына қатысты мәселелер бақылауға алынып, жауапты мекемелерге тапсырмалар берілді.
Жиын соңында аудан басшысы азаматтардың барлық ұсыныс-пікірлері мен өтініштері назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Сонымен қатар тұрғындарды қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға шақырды.
