Ақпан айынан бастап Алматы қаласында тағы екі кітапхана тәулік бойы қызмет көрсете бастайды. 24/7 режиміне Әуезов ауданындағы Қазақстан жазушылары кітапханасы мен Бостандық ауданында орналасқан Алматы кітапханалары жүйесінің бір филиалы көшеді.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, бұған дейін Алматыда үш кітапхана тәулік бойы жұмыс істеу тәртібіне ауысқан. Атап айтқанда, Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы, Alatau Creative Hub және Мұхтар Әуезов атындағы кітапхана оқырмандарға түнгі уақытта да қолжетімді. Осылайша, қалада тәулік бойы қызмет көрсететін кітапханалар саны бесеуге жетті.
Алтынсарин даңғылы бойындағы 11-шағынауданда орналасқан Қазақстан жазушылары кітапханасы 1962 жылы ашылған және Әуезов ауданындағы жетекші зияткерлік орталықтардың бірі саналады. 2020 жылғы жаңғыртудан кейін кітапхана заманауи форматта қайта жабдықталды. Жалпы аумағы 410 шаршы метр болатын нысанның кітап қоры 40 мыңнан асады, жыл сайын шамамен 145 мың келушіге қызмет көрсетеді. Мұнда электронды оқу залы, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған жұмыс орындары, RFID жүйесі және Almaty-library ақпараттық платформасы бар.
Алматы кітапханалары жүйесіне қарасты Розыбакиев көшесіндегі (247 үй, 7-блок) филиал 2025 жылдың соңында пайдалануға берілген. Кітапхананың жалпы аумағы 503 шаршы метрді құрайды, қорында 20 мыңға жуық кітап бар. Оқырмандар үшін жоғары жылдамдықтағы интернет, Wi-Fi желісіне қосылған компьютерлер, өзіне-өзі қызмет көрсету терминалы мен RFID қақпалары қарастырылған.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, тәулік бойы жұмыс істеу форматы тұрғындарға кітапхана қызметін өздеріне ыңғайлы уақытта, соның ішінде кешкі және түнгі мезгілде пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл білім алуға, өзін-өзі дамытуға және мәдени демалысты тиімді ұйымдастыруға қосымша жағдай жасайды.
