Астанада Мемлекет басшысының бастамасымен тағайындалған Президенттік арнаулы әдеби сыйлық пен «Айбоз – 2025» ұлттық әдеби сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі ұйымдастырылды.
Салтанатты іс-шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Парламент депутаттары, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, сондай-ақ қоғам қайраткерлері мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жиын барысында сөз сөйлеген Үкімет басшысының орынбасары қаламгерлердің еңбегіне жоғары баға беріп, ұлттық әдебиетті дамытудағы олардың орны ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, қоғамдық сананы жаңғырту үдерісінде ақын-жазушылардың рухани бағыт-бағдар берудегі миссиясы айрықша мәнге ие. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елде шығармашылық тұлғаларды қолдауға бағытталған кешенді мемлекеттік саясат жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
Аида Балаева өз сөзінде конституциялық реформаларға тоқталып, тарихи мұраны сақтау мен ұлттық мәдениетті қолдау жаңа өзгерістердің маңызды құрамдас бөлігіне айналғанын атап өтті. Ол бұл реформалар құқықтық кеңістікті жаңғыртумен қатар, қоғамның рухани негізін нығайтып, ұлттық құндылықтарды заман талабына сай дамытуға мүмкіндік беретінін айтты.
Сондай-ақ ол қазіргі кезеңде рухани тұтастықты сақтау мен мәдениетті дамыту ел дамуының басты басымдықтарының бірі ретінде айқындалғанын жеткізді. Жаңа конституциялық ұстанымдарда білім, ғылым, мәдениет және инновациялық даму мемлекет дамуының стратегиялық бағыты ретінде бекітілгені де атап өтілді.
Биыл Президенттік арнаулы әдеби сыйлыққа «Проза», «Поэзия», «Драматургия» және «Балалар әдебиеті» номинациялары бойынша 49 жас автор өтінім берген. Нәтижесінде Мемлекет басшысының Жарлығымен:
- «Проза» номинациясы бойынша «Тергеуші» шығармасы үшін Арман Әлменбет
- «Поэзия» номинациясы бойынша «Құмдағы хикая» өлеңдер жинағы үшін Саян Есжан
- «Драматургия» номинациясы бойынша «Ақ киіз» драмалық туындысы үшін Бауыржан Мұстафиев
- «Балалар әдебиеті» номинациясы бойынша «Жазда атамның ауылында…» шығармасы үшін Асылан Тілегенов марапатталды.
Ал «Айбоз – 2025» ұлттық әдеби сыйлығына «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік балалар әдебиеті», «Үздік драматургия», «Үздік әдеби аударма», «Үздік әдеби сын» және «Үздік комикс» номинациялары бойынша барлығы 180 өтінім қабылданып, байқау қорытындысы бойынша әр аталымнан бір жеңімпаз анықталды.
