Қазақстанда агроөнеркәсіп кешенін түбегейлі жаңғыртуға бағытталған жаңа кезең басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында жүктелген міндеттерге сәйкес елде прогрессивті агроэкономика моделін қалыптастыру жұмыстары қолға алынды. Бұл ретте Үкімет пен Ауыл шаруашылығы министрлігі саланы цифрландыруға, жасанды интеллект технологияларын енгізуге және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге басымдық беріп отыр.
Аталған бағыттарды жүйелі іске асыру үшін Агроэкономиканы дамытудың 2026–2028 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленуде. Құжат ауыл шаруашылығы өнімін өндіру, өңдеу, сақтау, тасымалдау және экспорттау процестерін қамтитын толық қосылған құн тізбегін қалыптастыруды көздейді. Негізгі міндеттердің қатарында өңдеу өнеркәсібін кеңейту, агроөнеркәсіптік кластерлер мен агрохабтарды дамыту, сондай-ақ ішкі және сыртқы нарықтармен байланысты күшейту бар.
Агросаланы жаңғыртудың жалғасы ретінде Үкімет Мал шаруашылығын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті. Бұл құжат мал басының санын арттырумен бірге, өнімділікті өсіруге, қайта өңдеу сапасын жақсартуға және экспорттық әлеуетті ұлғайтуға бағытталған.
Саланың тиімділігін арттырудағы маңызды қадамдардың бірі – ауыл шаруашылығы техникасы паркін жыл сайын 8–10 пайыз деңгейінде жаңарту. Бұл шаруашылықтардың технологиялық жарақтануын жақсартып, өндірістік шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар асыл тұқымды мал сатып алуға жылдық 6 пайызбен ұзақмерзімді жеңілдетілген несиелер, ал айналым қаражатын толықтыруға жылдық 5 пайыздық қаржыландыру құралдары енгізіледі. Жайылым ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында шалғайдағы мал шаруашылығын дамытуға арналған бірыңғай несиелік өнім де іске қосылады.
Ауылдағы қаржы қолжетімділігін арттыру үшін өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар белсенді тартылып, барлық несиелеу бағдарламалары «Даму» қорының кепілдігімен қамтамасыз етіледі. Бұл шаруаларға несие сомасының 85 пайызына дейін мемлекеттік кепілдік алуға жол ашады.
Қаржылық тетіктермен қатар ғылыми және инфрақұрылымдық қолдау да күшейтілуде. Атап айтқанда, ірі қара малды эмбриондық әдіспен көбейтуге арналған мамандандырылған зертхана ашу мәселесі қарастырылып жатыр. Сонымен бірге жүн мен теріні қабылдайтын сервистік-дайындау орталықтарын дамыту, қойма және көлік логистикасын жетілдіру бағытында нақты шаралар қабылдануда.
Жоспарланған реформалар нәтижесінде ірі қара мал басын 12 млн-ға, ұсақ мал санын 28 млн-ға дейін жеткізу, ал ет экспорты көлемін екі есеге арттыру көзделген. Экспортты ұлғайту аясында өнімді Halal стандарттары бойынша сертификаттау басты бағыттардың бірі болмақ.
Соңғы жылдары аграрлық сектор тұрақты өсім көрсетіп келеді. 2025 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 9,8 трлн теңгеге жетіп, 5,9 пайызға артты. Бұл өсім өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы өндірісінің ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді.
Мемлекеттік қолдау көлемі де айтарлықтай өсті. 2025 жылы агроөнеркәсіп кешеніне шамамен 1 трлн теңге бағытталды, ал алдағы кезеңде бұл көрсеткішті 1,5 трлн теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар субсидиялау тетіктері толық цифрландырылып, қаржының ашық әрі тиімді бөлінуі қамтамасыз етіледі.
Осылайша, озық агроэкономикаға көшу Қазақстанның ауыл шаруашылығын технологиялық жағынан дамыған, өнімді және бәсекеге қабілетті салаға айналдырып, ауыл халқының тұрмыс сапасын арттыруға және елдің жаһандық нарықтағы орнын нығайтуға берік негіз қалайды.
