Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамМемлекеттік бағдарламаСаяси реформалар

МАҚТААРАЛДА ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШТЕРІ БОЙЫНША НАҚТЫ ТАПСЫРМАЛАР БЕРІЛДІ

Мақтаарал ауданында тұрғындармен тұрақты кері байланыс орнату және олардың өзекті мәселелерін уақытылы шешу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта «Amanat» партиясы аудандық филиалының ғимаратында аудан әкімі Бақыт Асанов азаматтарды қоғамдық қабылдап, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен өтініштерін тыңдады.

Қабылдауға «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Мұхтар Сәрсенов, сондай-ақ жауапты бөлімдер мен мекемелердің басшылары қатысты. Кездесу барысында азаматтар әлеуметтік қолдау, инфрақұрылымды дамыту және ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға қатысты бірқатар маңызды мәселелерді көтерді.

Атап айтқанда, қабылдауға келген тұрғындар мүгедектігі бар азаматтарға күтім жасайтын қамқоршылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, оларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар, балалар мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында елді мекенде жаңа футбол алаңшасын салу қажеттігін айтты.

Аудан әкімі Бақыт Асанов әрбір тұрғынның өтінішіне жеке тоқталып, көтерілген мәселелер бойынша қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша азаматтарға қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар мен көрсетілетін көмек түрлері туралы ақпарат беріліп, жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктелді.

Инфрақұрылымдық бағыттағы ұсыныстар да назардан тыс қалған жоқ. Аудан басшысы тұрғындардың ұсынысын ескере отырып, жаңа футбол алаңшасын салу мүмкіндігін зерделеу және тиісті ұсыныстар әзірлеу жөнінде жауапты бөлім басшыларына нақты міндеттер жүктеді. Сонымен қатар қоғамдық қабылдау барысында көтерілген барлық мәселелер бақылауға алынып, оларды заң талаптарына сәйкес кезең-кезеңімен шешу жолдары қарастырылатыны атап өтілді.

Кездесу барысында аудан әкімі халықпен ашық әрі тұрақты диалог орнату жергілікті атқарушы органдар қызметінің маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, тұрғындардың әрбір өтініші мұқият қаралып, заң аясында шешілуі тиіс. Осы мақсатта жауапты мекемелерге жүктелген тапсырмалардың орындалуы тұрақты бақылауда болады.

Айта кетейік, қоғамдық қабылдаулар азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты нығайтып, тұрғындардың көкейінде жүрген мәселелерді жедел қарауға мүмкіндік береді. Мұндай кездесулер арқылы халықтың ұсыныстары ескеріліп, өңірдің әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына қатысты өзекті мәселелер бойынша нақты шешімдер қабылдануда.

Бұл жұмыстар Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізгі қағидаттарына толық сәйкес келеді. Азаматтармен кері байланыс жүйесін жетілдіру, мемлекеттік органдардың халықпен тұрақты кездесулер өткізуі және тұрғындардың өтініштерін жедел қарау – халық сенімін нығайтып, мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттырудың маңызды тетігі болып қала береді.