«Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – жастарды қолдау, олардың кәсіби дамуына жағдай жасау және қоғамдық белсенділігін арттыру. Осы мақсатта Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен жастар арасында дебат форматындағы пікірсайыс ұйымдастырылды.
Іс-шара жастардың сыни ойлау қабілетін жетілдіруге, шешендік өнерін дамытуға, өз ойын еркін әрі дәлелді жеткізу дағдыларын қалыптастыруға және қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша азаматтық ұстанымын нығайтуға бағытталды.
Пікірсайыс барысында қатысушылар «Дипломмен ауылға» бағдарламасының ауылдық аумақтарды кадрлармен қамтамасыз етудегі рөліне жан-жақты тоқталып, оның артықшылықтары мен өзекті мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, ауылдық жерлерде еңбек ететін жас мамандарға ұсынылатын қолдау шаралары, әлеуметтік жеңілдіктер мен кәсіби мүмкіндіктер төңірегінде пікір алмасты.
Дебат қатысушылары өз ұстанымдарын нақты дәлелдермен негіздеп, бағдарламаның тиімділігіне қатысты түрлі көзқарастарды ортаға салды. Ашық пікірталас алаңында жастар өз ойларын еркін білдіріп, маңызды әлеуметтік мәселелерді талқылау мәдениетін көрсетті.
Мұндай іс-шаралар жастардың таным көкжиегін кеңейтіп, қоғамдық мәселелерге бейжай қарамауына, азаматтық жауапкершілігін арттыруға және белсенді өмірлік ұстаным қалыптастыруына ықпал етеді. Жастардың интеллектуалдық әлеуетін дамытуға бағытталған мұндай жобалар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
