Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамМемлекеттік бағдарламаСаяси реформалар

МЫРЗАКЕНТТЕ ЖАЯУ ЖҮРГІНШІЛЕР ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖАҢАРТЫЛУДА

Мақтаарал ауданында елді мекендердің инженерлік және көлік инфрақұрылымын жетілдіру, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осы жұмыстар аясында аудан орталығы – Мырзакент кентінде жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа аяқжол құрылысы жүргізілуде.

Аудан әкімі Бақыт Асановтың тапсырмасына сәйкес, кент аумағында көркейту, көгалдандыру және жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде қолға алынған. Бұл бағыттағы маңызды жобалардың бірі – Мадиходжаев, Әл-Фараби және Жеңіс көшелерін қамтитын ұзындығы 650 метр болатын жаңа жаяу жүргіншілер жолының құрылысы.

Жоба тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған. Әсіресе мектеп оқушыларының, қарттардың және күнделікті жаяу қатынайтын азаматтардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасау көзделген. Сонымен қатар жаңа аяқжол елді мекеннің сәулеттік келбетін жақсартып, көшелердің заманауи талаптарға сай абаттандырылуына мүмкіндік береді.

Құрылыс жұмыстарының барысымен танысу мақсатында аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков пен Мырзакент кентінің әкімі Мамыр Бейсенбаев нысанға арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстарды зерделеді. Қазіргі таңда қызыл сызық аумағында орналасқан бес тұрғын үйдің қоршаулары ретке келтіріліп, аяқжолдың жиек тастарын орнату жұмыстары жүргізілуде.

Нысанды аралау барысында аудан әкімінің орынбасары құрылыс сапасы мен жұмыстардың белгіленген мерзімде аяқталуына ерекше назар аударды. Жауапты сала мамандарымен бірге инженерлік-коммуникациялық желілердің орналасуы қаралып, аяқжол құрылысына кедергі келтіріп тұрған газ желілерін көшіру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ жобаның барлық кезеңін құрылыс талаптарына сәйкес сапалы орындау жөнінде нақты міндеттер жүктелді.

Жұмыс барысында тұрғындармен де кездесу өтті. Кездесу кезінде жаңа инфрақұрылымдық жобаның маңыздылығы түсіндіріліп, ел игілігі үшін жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға қолдау білдірген азаматтарға алғыс айтылды. Әсіресе аяқжол құрылысын жүргізуге мүмкіндік жасау үшін өз қоршауларын жылжытуға келісім берген тұрғындардың азаматтық ұстанымы жоғары бағаланды.

Бижан Анарбеков мұндай жобалардың ауданның сәулеттік келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және өмір сүру сапасын арттыруға ықпал ететінін атап өтті. Оның айтуынша, заманауи жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын қалыптастыру – елді мекендерді кешенді дамытудың маңызды бағыттарының бірі.

Айта кетейік, Мырзакент кентінде алдағы уақытта да абаттандыру, көгалдандыру және жол-көлік инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жалғасын табады. Бұл бағыттағы жобалар тұрғындардың қолайлы әрі қауіпсіз ортада өмір сүруіне жағдай жасап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етеді.

Жалпы, мұндай инфрақұрылымдық бастамалар Мемлекет басшысы айқындаған «Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – өңірлік даму мен инфрақұрылымды дамыту саясатының тиімді жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Елді мекендердің инженерлік және көлік инфрақұрылымын жаңғырту, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру арқылы өңірлердің тұрақты дамуына және халықтың тұрмыс сапасын арттыруға басымдық берілуде.